30.07.2024, 14:00

Түркістан облысында фотоға түсемін деп өзенге батып кеткен жасөспірім іздестіріліп жатыр

Ол фотосессия жасау кезінде абайсызда құлаған.

Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті құтқарушылары 16 жастағы қызды іздеп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Департамент мәліметінше, 28 шілдеде сағат 10:41-де Түркістан облысы ТЖД кезекші пультіне "Сайрам-Өгем" аумағына Қасқасу ауылынан 15 шақырым қашықта, Сайрам-су таулы өзенінде сағат 10:00-де қыз суға батып кеткені туралы ақпарат түскен. Достарының айтуынша, ол фотосессия жасау кезінде абайсызда өзенге құлаған.

Іздестіру құтқару жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД 37 қызметкері, 1 жүзу құралы және 4 техникасы, Түркістан облысы ПД 6 қызметкері және 3 техникасы, жергілікті атқарушы органдардан 11 қызметкер жұмылдырылды.

Түркістан облысының ТЖД азаматтарды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады, - деп жазылған хабарламада.