BMW көлігінің жүргізушісі зардап шегіп, ауруханаға түсті.
Алматы облысында ірі жол апаты болып, 2 адам көз жұмды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қонаев-Алматы тас жолында жеңіл көліктердің соқтығысуынан жолдан өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілер қаза тапты.
«Алматы қаласының 20 жастағы тұрғыны BMW маркалы көлік құралын басқара отырып, жаяу жүргіншіні басып кетіп, Mercedes-Benz маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Соққы күшінен екінші жеңіл көлік те көшеден өткен кісіні соққан. Апат салдарынан екі жаяу жүргінші сол жерде қаза тапты.
Барлық қажетті сараптамалық тексерулер тағайындалды және оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінен.