Бірінші кезеңде сұрақтардың сапасы өзгереді.
Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінде өзгерістер болады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында айтты. ҰБТ құрастыратын 300 сарапшыны даярланған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Министрдің айтуынша, ол мамандар ең мықты тест орталықтарына барып тағылымдамадан өткен.
"Енді біз ҰБТ сұрақтарын басқаша құрастыратын боламыз, жұмыс басталды. ҰБТ-ға қатысты кез келген өзгеріс өте нәзік сұрақ, бірден шулап кетеді. Сондықтан оны бірден ауыстыруға мүмкіндік жоқ. Реформаны ақырындап, 3-4 жылдың ішінде жүзеге асыруымыз керек. Бірінші кезеңде сұрақтардың сапасы өзгереді. Бала қалаған уақытта және қалаған жерде ҰБТ тапсыра алуы тиіс. Жинаған ұпайы қанағаттандырмаса қайта тапсырады. Өзіне керекті балл алғанға дейін тапсыра алады», - деді Саясат Нұрбек.