07.08.2024, 06:30

Қазақстанда пойыз билеттері қымбаттайды

Фото: Almaty.tv

Көлік министрлігі ақпаратты түсіндірді. 

 

Желіде елімізде 2024 жылдың 1 қазанынан бастап пойыз билеті қымбаттайтынын туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ақпаратқа сәйкес жол жүру ақысы 20 пайызға көтерілмек. Министрліктің хабарлауынша кейбір бағыттар бойынша тариф көтерілетін болады.

"Елімізде 140 жолаушы тасымалы бағыты бар. Оның 62-сінде траиф көтеріледі. Бұл өзгерістер көлік паркін жаңарту, көрсетілетін қызметті жақсарту және қызметкерлердің жалақысын көтеру үшін қажет. Ескере кететін нәрсе соңғы 10 жылда әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушыларды тасымалдау бағасы көтерілген жоқ (инфляция деңгейіне индексациялауды қоспағанда)", – делінген ведомство хабарламасында.

Министрлік жолаушылар вагондарының паркі 2667 бірлікті құрайтынын, оның 44 пайызы тозғанын нақтылады.

"Автопаркті жаңартуды жеке тасымалдаушылар да, ұлттық тасымалдаушылар да жүзеге асырып жатыр. Осылайша, 2023 жылы 118 бірлік, 2024 жылы – 140 бірлік вагон сатып алынса, 2025 жылдан бастап жыл сайын 200 бірліктен астам вагон сатып алу жоспарлануда. Ал 2030 жылға қарай сатып алу 1200 бірлікті құрайды, әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушыларды тасымалдау бағасын (тарифін) көтеру "Темір жол көлігі туралы" Заңның 12-бабына сәйкес жүзеге асырылады”, – делінген ақпаратта.