Балалар жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр.
Ақтөбелік дәрігерлер 7 тамыз түнде болған жол апатынан кейін жансақтау бөліміне түскендердің жағдайын айтты. Жүк көлігінің астында қалған жеңіл көліктегі 43 жастағы әйел және екі баласы жансақтау бөлімінде жатыр. Балалардың бет-сүйегі сынған, бас-ми жарақатын алған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Ақтөбе облысында Самара-Шымкент тасжолында жол апатына түскен Toyоta Ipsum автокөлігінде анасы екі баласымен отырған. Олар жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер екі баланың біріне ота қажет екенін айтады.
"Жол-көлік оқиғасынан екі бала жедел жеткізілді. 2012 және 2006 жылы туған жасөспірімдердің жағдайы бақылауда. 12 жастағы қыз балада қосарланған жарақат. Жабық бас-ми жарақаты, бет сүйектері, бұғанасы, қабырғасы, сан сүйегі сынған. 2006 жылғы балада жабық бас-ми жарақаты, бет сүйектері, табан сүйегі сынған. Балалар жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр. Екі бала да есін біледі. 2012 жылы туған балаға сан сүйегіне ота жоспарланған", - деді Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасының нейрогхирургі Ахмет Орын.
Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жол апатынан ауруханаға бас-ми жарақатын алып, денесі көгеріп түскен 43 жастағы келіншек те жансақтау бөлімінде жатыр. Облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты тың деректерді айтты. Жол апаты Ақтөбе қаласы Бекқұл баба ауылы тұсында болған. Жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Полиция департаменті өкілдері жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші мен бір жолаушы оқиға орнында қайтыс болғанын хабарлады.
Еске сала кетейік, бұл жол апаты 7 шілде түнгі уақытта болды. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жүк көлігі мен минивен соқтығысқан. Салдарынан екі адам қаза тауып, үш жолаушы ауруханаға жеткізілген.