Студенттер жатақханасының жетіспеуі - көптен бері көтеріліп жүрген мәселе.
Жатақхана мәселесі расында бар, бұл бір күн емес, бір жыл емес, ондаған жылдар бойы қордаланған мәселе. Алматы мен Астанада студенттерге арналған жатақхана жетіспеушілігі әлі де өзекті. Басқа аймақтарда тиісті мәселе шешімін тапқан. Бұл туралы сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы еліміздегі қай жоғарғы оқу орнында жатақхана тапшылығы шешімін таппай келе жатқанын зерттеп көрді.
«Студенттер үшін оқу жылының басында маңызды мәселелердің бірі – жатақхана мәселесі. Бүгінгі күні Алматы мен Астана қалаларынан басқа барлық өңірлерде тапшылық мәселесі шешілді. Бұл мақсатта жатақханалар салуға арналған мемлекеттік тапсырыс механизмі оңтайландырылды. Бір орынға арналған норматив (АЕК) 40%-ға ұлғайтылды, сондай-ақ мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімі 8 жылдан 6 жылға дейін қысқартылды. Бұл механизмдер заманауи дизайны бар, жасыл кампус тұжырымдамасымен және шетелдік студенттік резиденциялар (student residence) форматына сәйкес келетін жатақханалар салуға мүмкіндік берді», - деді министр Үкімет отырысында.
Айтуынша, мұндай жатақханалар Алматы және Петропавл қалаларында пайдалануға беріледі.
«Жалпы 2024 жылға 10 576 орындық 27 жатақхананы іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 2369 орындық 10 жатақхана іске қосылды», - деді Саясат Нұрбек.
Ресми жауапқа сүйенсек, 1 қаңтардағы жағдай бойынша жатақханаларда 19 174 орын жетпейді.
"Жатақханалардағы ең үлкен орын тапшылығы - Алматы қаласының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 7 420 төсек-орын, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде 2 500, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 1 220, Астана қаласында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 3 893, Астана медицина университетінде 2 500 орын", - делінген ведомство хабарламасында.
Жыл басында министр Саясат Нұрбек елімізде жатақхана тапшылығы ешқашан жойылмайтынын айтқан.
"Біздің демографияға қарасаңыздар, дефицит ешқашан жойылмайды. Оны азайтуға болады. Жоспарымыз – 2027-2028 жылға дейін 7-10 мыңның көлеміне дейін түсіру. Ол үлкен дефицит емес. Негізі Астана мен Алматы қалаларындағы мәселені шешсек, басқа өңірлерде ондай үлкен тапшылық жоқ. Қазір ақырындап Ақтөбе, Шымкент, Түркістанда да демография көтеріліп отыр. Сондықтан да қазіргі таңда қолданып жатқан шараларамыз мәселені шешеді", - деген еді министр.
Үлкен қаладан білім іздеп келген еліміздің жастарын жатақханамен қамту үшін елімізде барынша кең көлемде қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірталай мысалын жоғарыда атап өттік. Демек жақын арада білім қуған талапкерлерге сапалы білім алуға барлық жағдай жасалады деп сенеміз.