Тау өзенінің қатты ағысы оны алып кеткен.
Алматы облысында отбасымен және достарымен демалып жүрген азаматты су алып кетті. Бұл туралы ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының Instagram желісіндегі ресми парақшасы жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, оқиға Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең шатқалында болған.
"1961 жылы туған ер адам отбасымен және достарымен Қаскелең өзенінің жағасында демалып жатқан. Ол шомылуға бел байлап, суға кірген, бірақ тау өзенінің қатты ағысы оны алып кеткен. РЖҚЖ жедел тобы ер адамның денесін болжам бойынша құлаған жерінен 1 шақырым жерден өзеннен шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды", - делінген хабарламада.
РЖҚЖ өкілдері көпшілікті тау өзендерінің жағасында демалу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.
Оған сәйкес:
Суға кірмеңіз.
Тас үстінде тұрмаңыз.
Өзен шетінен аулақ тұрыңыз.
Балаларыңызға сақ болыңыз. Жауын кезінде өзен жағасында демалудан аулақ болыңыз. Өз күшіңізді артық бағаламаңыз.