$ 498.34  519.72  4.85

«Қазақ тентіреген жоқ»: Журналист қазақтардың Өзбекстанға барып жұмыс істейтінін айтты

Қазір өзекеңдер соғысқа кеткен орыстардың орнын басып, Ресей зауыттарында істеп жатыр. Ертең елге оралып, небір зауыттар ашатынына күмәнім жоқ, себебі мен білетін өзбек ағайын кез келген шаруаны дөңгелетіп әкетеді.

Фото: turkystan.kz
Фото: turkystan.kz

Қазақтар әлі Өзбекстанға барып қара жұмыс істейтін күнге жетеміз. Себебі өзбектер дамыған елдерге беріп, жаңашылдықты үйренді. Бұл туралы  журналист, баспагер Шыңғыс Мұқан пікір білдірді. Оның пайымдауынша, Өзбекстанның Париж Олимпиадасында көрсеткен тарихи нәтижесін еңбекқорлық пен елдегі жоғары бәсекенің нәтижесі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Өзбектер жарады. Әкем Өзбекстанда туып, сонда мектеп бітірген. 30-жылдардағы нәубет заманда аталарымыз Ақтөбе жақтан Өзбекстанға өтіп кеткен. Қары нағашыларымыз күні кешеге дейін Өзбекстанда тұрды. Жиі барып тұрдық.

Орталық Азияда озып алға шығатын бір ұлт болса, осы өзбектер болатын сияқты.

Неге дейсіз ғой, өзбек ағайынның өте еңбекқор екені айтпаса да түсінікті. Таңғы 5-6-да тұрып, жұмысты есік алдын сыпырудан бастайды. Алысқа бармай-ақ, Шымкенттің Сайрамынан бір өтіңіз. Өзбектер тұратын көше тап-таза, қоқыстар қапталған, көшеге дейін гүл мен жасыл-желек егіп тастаған.Еңбекқор  халық уақыттың қадірін білетін сияқты. Мәселен, өзбек ағайындар тойды таңғы 7-де өткізеді. Палау басады. Қонақтар жұмысқа бара жатып жолай кіріп шығады. Біз сияқты аста-төк ысырап жоқ. Өлім-жітім болса да сол, біз сияқты той дастархан болмайды.

Қазақ тентіреген жоқ деп төс қақтық. Шынында да өзбектер тентіреп, өзге елдерге барып еңбек етті, сол елдерден ноу-хау үйренді. Өз елін дастарханы арқылы таныстырды. Нью-Йорктің өзінде осыдан біраз жыл бұрын өзбектің он мейрамханасы бар еді.

Спортшылар да бекер шығып жатқан жоқ. Бұл жігіттердің көбі сол ауыл-аймақтан шыққандар. Әке-шешесі басқа өңірлер, елдерге жұмысқа кеткенде ата-әженің қасында қалып, үйдің шаруасын өздері дөңгелетіп, әке-шеше мен ағайын-туманың тентіреп еңбек етіп жүргенін көріп өскендер. Сондықтан да, жаттығуда да, жарыста да барын салады. Соңғы тамшысы қалғанша тер төгеді. Оның үстіне саны көп халық. Бәсекелестік жоғары.

Қазір өзекеңдер соғысқа кеткен орыстардың орнын басып, Ресей зауыттарында істеп жатыр. Ертең елге оралып, небір зауыттар ашатынына күмәнім жоқ, себебі мен білетін өзбек ағайын кез келген шаруаны дөңгелетіп әкетеді.

«Қырық жыл байлық жоқ, қырық жыл жарлылық жоқ» дегендей, ертең Өзбекстанға барып жұмыс істеуге тура келіп жатса таңғалмаймын. Айтпақшы, біздің елшінің есебі бойынша, қазірдің өзінде біраз қазақ мамандар сонда жүр екен, өйткені экономикасы қарқынды дами бастады», - деп жазды Шыңғыс Мұқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 37
Ұнамайды 8
Күлкілі 6
Ашулы 3

Серіктес жаңалықтары