Олар қақпаға соғылған.
Қайғылы оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алматыда қатты жылдамдықпен жер үйдің қақпасына соғылған мопед жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.
Оқиға 18 тамыз кешкісін болған.
“Бейімбетов көшесінен төмен орналасқан Тәтібеков көшесіндегі жарық нашар болғандықтан мопед жүргізушісі тұйық жолды көрмей, әрекет етіп үлгермеді. Олар қақпаға соғылған. Біреуі қайтыс болды, екіншісі жансақтау бөлімінде жатыр. Осы мәселе бойынша көше тұрғындары "Open Almaty" арқылы бірнеше рет жүгініп, Медеу ауданы әкімінің қатысуымен өткен жиынға да қатысты. Бұл мектепке апаратын жол. Балалар қараңғыда мектепке барып, қайтады. Мопед жүргізушісіне обал болды”, – делінген жазбада.
Алматы полициясы мопед жүргізушісінің көз жұмғанын, ал досының ауруханада жатқанын растады.
“Аталған факті бойынша Медеу аудандық ішкі істер бөліміне қарасты полиция бөлімі тергеу жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр”, – деп жауап берді полиция.