$ 495.2  522.34  4.94

Ақтөбеде ұлы ішіп алып қызметтік көлік тізгіндеген шенеунік сөгіспен құтылды

Сот шешімімен ол 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Фото: KAZ.NUR.KZ
Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде ұлы масаң күйде қызметтік көлігін жүргізген облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділгерей Әуелбаев Әдеп кеңесіне шақырылды. Оған қатаң сөгіс берілді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Әдеп кеңесінде инспекция басшысына қызметтік тергеп-тексеру жүргізілгені белгілі болды. Оқиғаның мән-жайы туралы кеңестің бас маманы баяндама жасады.

2024 жылдың 2 шілдесінде KAZ.NUR.KZ порталында "Ақтөбеде лауазымды тұлғасының ұлы әкесінің қызметтік көлігін алкогольдік масаң күйде жүргізген" деген ақпарат жарияланған. Ақтөбе қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен С. Б. 2024 жылы 29 маусымда шамамен 00:05 минутта моншаға қарама-қарсы жерде алкогольдік масаң күйде қызметтік автокөлікті басқарғаны анықталды. Сот шешімімен ол 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. 15 күнге қамауға алынды. С.Б. инспекция басшысының ұлы. Әділкерей Әуелбаев өз түсініктемесінде жүргізуші жұмысынан босатылған күннен бастап көліктің ауласында тұрғанын жеткізді. 24 маусымнан бастап еңбек демалысында болған кезде басқа қалаға кеткен. Қызметтік көліктің кілтін үйде қалдырған. Инспекция басшысы қызметтің көліктің сақталуын қамтамасыз етпей, ұлының қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланып, өрескел әкімшілік құқықбұзушылық жасауына алып келді. Аталған әрекеттер қоғам тарапынан сын тудырып, БАҚ-та жарияланды, - деді Әдеп жөніндегі кеңестің бас маманы Аян Нұрымов.

Баяндамадан кейін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділгерей Әуелбаев орнынан тұрып, сөз алды. Лауазымды тұлға оқиғаға пікірін айтты.

Бәрі заң аясында. Жігіттер тексерді. Әңгіме жоқ. Еңбек демалысында болдым. Болған оқиға рас. Оған қарсылық жоқ. Өздеріңіз қалай шешім қабылдайсыздар? Мен мемлекеттік қызметте бұрыннан келе жатырмын. Ретін білемін. Мемлекетке қызмет жасап жатқаннан кейін болашақта жалғастырамын деген ойым бар. Қай уақытта да Ақтөбе облысының өркендеуіне қызмет жасап келемін, - деді Әуелбаев.

Осыдан кейін Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов сөйледі.

Мәселе заң аясында болмай тұр. Мемлекеттің мүлкі мемлекеттік қызметшіге қызметтік міндеттерін атқару үшін беріледі. Соны атқаратын уақытта пайдалануға беріледі. Жеке басына, отбасына берілмейді. Жұмыс барысында ғана пайдалана аласыз. Ол көлікке ешқандай туысыңыздың, танысыңыздың отыруға құқы жоқ. Бұл жерде пайдаланбақ түгілі түн ортасында мініп алып жүрген. Оның масаң күйде екені анықталады. Сіз ол көліктің сақталуын қамтамасыз етуге міндеттісіз. Қалай болғанда да мемлекеттік қызметшіге, соның ішінде басшыға жараспайтын іс. Бұл бәрімізге сын. Барлық басшы бұған мән беруі керек. Мемлекеттің кез-келген мүлкі жеке мақсатқа пайдаланбау керек. Сізге тек ұжымда ғана емес отбасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындап тұр. Алдағы уақытта сабақ болатын шығар, - деді Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов.

Ақтөбе облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділгерей Әуелбаевтың бұрын-соңды жауапкершілікке тартылмағаны ескеріліп, қатаң сөгіс түрінде жаза беру ұсынылды. Ұсыныс бір ауыздан қабылданды.

Сонымен қатар кеңесте мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмыстың қорытындылары баяндалды. Ырғыз және Байғанин аудан әкімдеріне кадр мәселесіне мән беру керектігі ескертілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары