Ол боксшы Жанқош Тұраровпен 2018 жылы "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде танысқан.
Танымал боксшы Жанқош Тұраров зорлады деп арыз жазған Әнару Құрманалиева оқиғаның егжей-тегжейін айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Азаттық рухы-на сілтеме жасап хабарлайды.
Әнару Құрманалиеваның айтуынша, ол боксшы Жанқош Тұраровпен 2018 жылы "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде танысқан.
"Маған өзі бірінші хат жазып бастады. Суреттеріме лайк басып, хабарлама жазып жүрді. Мен ол кезде оның үйленген екенін, бала-шағасы бар екенін, тіпті боксшы екенін де білген жоқпын. Әлеуметтік желіде ондай ешқандай ақпарат жазылмаған еді. Содан кейін жай ғана сөйлесіп жүрдім”, – дейді әйел.
Әнару Құрманалиева Жанқош Тұраровпен алғаш рет ақпан айында кездескенін, кездесуге құрбысын ертіп барғанын айтты.
"Группалас құрбым екеуміз кездесуге бардық, ал оның жанында көп адам болды. Содан бастап бір ай бойы маған хат жазып жүрді. Маған "сен пәк қызсың, сен таза қызсың, маған қатты ұнайсың" дейтін. Бірақ, ол кезде мен оның отбасылы адам екенін біліп, "сіз үйленген адам екенсіз, мен сізбен араласа алмаймын" дедім. "Жоқ, мен үйленген болсам да сен маған ұнайсың, мен саған ағалық қамқорлық танытқым келеді, жамандық ойламаймын" деді”, – дейді Әнару.
Әйелдің айтуынша, боксшы екінші кездесуге алдап шақырған.
"Арада бір ай өткенде маған "әжем қатты ауырып жатырЖағдайы ауыр. Сені көрсеткім келеді, келші" деп бір мекен-жай жіберді. Мен бірден бара алмаймын дедім. Бірақ, бір жарым жыл бұрын анасынан айырылған адам ретінде біреудің әжесі ауырып қалғанына қатты жаным ашыды. Ол маған қонақ үйдің мекен жайын жіберіпті. Мен ол кезде студент едім, қонақ үйдің не екенін білмейтінмін. Кірсем, өзі ғана отыр екен. "Апаңыз қайда?" деп едім, "қазір келеді" деді. Сосын маған бөтелкедегі судан құйып берді. Ішкеннен кейін басым айналып, жүре алмай қалдым. Ол мені ұстап, төсекке жатқызды. Есімді жартылай білемін, жартылай білмеймін. Сол уақытта ол менің киімдерімнің бәрін шешті. Үстімде көйлегім болған, көйлегімді шешті. Аяғымнан, табанымнан, сүйе бастады. Мен қозғала алмай жаттым. Оянғанда ештеңе түсінбедім. Есімді жисам, сағат түнгі 3-4 болып кетіпті", – дейді әйел.
Не болғанын сұраған әйелдің сұрағына боксшы ештеңе болған жоқ деп жауап берген.
"Одан кейін ол душқа кіріп кетті, телефонына "Ботақан" деген бір нөмірі қайта-қайта біреу қоңырау шалды. Жанқош душтан шықты. "Зорладың ба?" дегенде маған "жоқ, өзің келдің, мені бәрі қыздар жақсы көреді ғой" деді. Мен "жоқ, сіздің үстіңізден арыз жазамын" дедім. Сол сәтте басқаша сөйлеп, "мен әйеліммен ажырасайын деп жүрмін, оны жақсы көрмеймін, маған ұл бала керек, саған деген сезімім бар, сені жақсы көремін" деді. Мен оның сол сөздеріне сендім", – дейді Әнару.
Әйелдің айтуынша, Жанқош Тұраров сол қалпы әйелінен ажыраспаған, алайда қызды да жайына қалдырмаған. Тіпті, Жанқош Тұраров оның қыздың қыр соңынан қалмайтын болған. Әнару Құрманәлиева 2018 жылдан бері осы уақытқа дейін Жанқош Тұраров екеуі үнемі төсек қатынасына түсіп жүргенін айтты. Ал, соңғы рет Жанқош екеуі 2024 жылдың 12 тамызында кездескенде боксшы оны күшпен жыныстық қатынасқа түсірген.
"Соңғы рет мен Алматыда екенімді біліп алып, маған келемін деді. Мен кездесуге қарсы болдым. Ол маған "мен әйеліммен ажырасамын, ара қатынасымыз өте нашар, үш қыз туды, бір ұл туып бере алмады. Сендей адамнан, сендей қыздан ұрпақ болғанын қалаймын" деді. Сосын, мекенжайымды жіберген соң, 12 тамыз күні түнде келді. Менің ойым оған жандүниемде не болып жатқанын айту еді. Сол күні оған "өмірімді құрттың" деп жыладым. Бірақ, ол тыңдамай, мені шешіндірмекші болды. Мен қарсы болдым. Ол өз дегенінде тұрып, жыныстық қатынасқа түсті. Мені күшпен қылқындырып, мойнымнан ұстап тұрып, шашымнан тартып, зорлады. Бәрін болғаннан кейін жанымда отырды. Маған "ажырасамын" деп тағы сендіріп кетті", – дейді Әнару.
Осы оқиғадан алты күн өткен соң әйел полицияға арыз жазуға шешім қабылдаған.
"Әуезов полициясына барып, арыз жаздым. Полицияда беттестіру өтті. 20 тамызда кездесу болды. Беттестіру кезінде маған "Алла разылығы үшін мені кешірші, мен сені ұнаттым, саған деген сезімім бар, мен сені ешқашан тастамаймын, мәңгілікке бірге боламыз" деді. "Мен саған істегенім үшін бәріне жауап беремін, бәріне көмек беремін. Саған 2 млн теңге жіберейін" деді. Мен "ақша да, ештеңе де керек емес, психологиялық жағдайым дұрыс, балалық шағым бақытты өтті, маған анамның өлімі мен сіздің маған істегеніңіз жара салды" дедім. Енді істі полиция тергеп жатыр", – дейді әйел.
Әнару өзінің бар талабының Жанқош Тұраровты заң аясында жазалау екенін айтты.
"Өз жазасын алса екен деймін. Сараптаманың бәрін жасаттым. Қазір айтып тұрғанымның бәрі шын, барлық дәлелім бар. Жазбалар бар, куәгерлер бар", – дейді Әнару Құрманәлиева.