Халық өнімдерді сатып алу процесінде теңгені қолданады. Сол себепті доллардың қымбаттауы әсер етпеуі керек еді, бірақ бізде, өкінішке қарай, нарықта девальвациялық жағдай болса, көп тауардың бағасы өсіп кетеді.
Қазақстан қор биржасында (KASE) 2024 жылғы 22 тамызда сағат 15:30-да шетел валюталары бойынша сауда-саттық жабылды. Доллар күрт қымбаттады. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы доллардың қымбаттау себебі мен оның әсері туралы толығырақ тарқатып көрмек.
Сауда-саттықтың қорытындысы бойынша доллардың орташа сараланған бағамы алдыңғы сессиямен салыстырғанда бірден 2,48 теңгеге көтеріліп, 479,08 теңгені құрады.
Қытай юанінің бағамы 0,51 тармаққа өсіп, 67,07 теңгені құрады.
Алматыдағы ақша айырбастау орындарында доллар 478,5-480,12 теңгеге, еуро 529,8-534,2 теңгеге, ресей рублі 5,19-5,29 теңгеге сатылуда.
Бұл ретте 22 тамызда әлемде мұнай бағасының төмендеуі жалғасты.
Сауда деректеріне сәйкес, Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы барреліне $76,01 құрайды, бұл алдыңғы сауданың жабылуындағы көрсеткіштен 4 центке (0,05%) төмен.
WTI мұнай фьючерстері 0,14 долларға (0,19%) арзандап, барреліне 71,79 долларды құрады.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, теңгенің құнсыздануына Қазақстанда шығарылатын өнімнің аз болуы әсер етіп отыр.
"Доллардың теңгеге шаққандағы бағасы қымбаттауда. Оған әртүрлі фактор әсер етіп жатыр. Қазақстан – экспорттаушы мемлекет. Ең алдымен бағаға Қазақстанда шығарылатын өнімнің аз болуы әсер етіп отыр. Екіншіден, осы уақытқа дейін жұмыс істеген кәсіпорындар қызметінің уақытша не мүлде тоқтауы да әсер етті. Осының бәрі теңгенің ликвидтілігін (өтімділігін) төмендетіп отыр. Бұл – теңгенің құнсыздануына әкелген бір фактор", - дейді экономист.
Ысқақовтың пайымдауынша, мұнай бағасының арзандауы да валютаға әсер етеді.
"Бізде бюджеттің негізгі кіріс бөлігі мұнайдан түседі. Мұнай бағасы түскен кезде біздің экономикаға келетін қаражат көлемінің азаюы да теңгенің арзандауына әкеледі", - дейді ол.
Мамандардың айтуынша, доллар қымбаттаса да, ел ішінде қымбатшылық болмауы керек. Алайда кәсіпкерлер мен алыпсатарлар доллардың қымбаттауын желеу етіп бағаны өсіреді.
"Халық өнімдерді сатып алу процесінде теңгені қолданады. Сол себепті доллардың қымбаттауы әсер етпеуі керек еді, бірақ бізде, өкінішке қарай, нарықта девальвациялық жағдай болса, көп тауардың бағасы өсіп кетеді. Негізі шетелден келетін тауардың бағасы өсуі керек еді. Бірақ оған қарамай, отандық тауарлар да қымбаттайды. Кәсіпкерлер мен алыпсатарлар доллар бағасының қымбаттауын сылтау етіп, бағаны өсіріп жібереді", - деді Мақсат Халық.
Ал экономист Ысқақов халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті тауарлардың басым бөлігі шетелден келетіндіктен, доллар бағасы ішкі нарыққа да айтарлықтай әсер ететінін айтты.
"Доллардың қымбаттауы ішкі нарықтағы бағаның өсуіне де әсер етеді. Өйткені халықтың күнделікті сұранысын қамтамасыз ететін тұрмыс-тіршілігіне қажетті тауарлардың көбі шетелден келеді. Мысалы, электроника, техникалық бұйымдар, автокөліктер доллармен сатып алынады. Сол арқылы бізге де қымбат бағамен келеді. Оның соңы қымбатшылыққа әкеп соғады", - дейді Ысқақов.
Оның сөзінше, доллардың қымбаттауы макроэкономика жағынан Қазақстанға тиімді.
"Сыртқа экспортталатын мұнайды сатудан түсетін табыс доллар арқылы келеді. Қымбат доллардың ел бюджетіне түсуі макро деңгейде тиімді. Ал теңгенің құнсыздануы халықтың арасындағы қымбатшылыққа алып келген жағдайда мемлекет баланс сақтауға ұмтылуы керек", - дейді экономист.
Айтуынша, жалақыны көтеру, әлеуметтік жеңілдіктер беру, тауарларын теңгемен сатып алатын кәсіпкерлерге субсидия беру арқылы баланс сақтауға болады.
"Қымбатшылықтың алдын алу үшін Қазақстанда өнім шығаратын кәсіпорындардың санын көбейтуіміз керек. Сүт өнімдері, жеміс-жидектің басым бөлігі көрші елдерден келеді. Біз сыртқы экономикаға жұмыс істеп жатырмыз. Теңгенің құнын арттыру үшін бізде шығатын тауарлар ең алдымен ішкі сұранысты қанағаттандыруы керек. Сырттан келетін тауарларға бәсекелес болған жағдайда ғана қымбатшылықтың алдын аламыз", - деді Бауыржан Ысқақов.
Мақсат Халықтың айтуынша, бүгінде доллар бағасының түсуі мүмкін деген болжам жоқтың қасы.
"Керісінше доллар бағасы өсіп кетуі мүмкін деген пікірлер бар. Доллардың өз құнын көтеріп жатқаны, Ресей рублінің құнсызданып кету қауіпі соған әсер етеді. Себебі геосаяси жағдайларға байланысты Ресейге қатысты санкциялар өршіп кетуі мүмкін. Рубль құнсызданса, теңге де әлсірейді. Осы жағдайларды ескеріп, болашақта теңге әлсірейді деген тұжырымға келуге болады", - дейді экономист.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың тамыз айында Қазақстан үкіметі 2023-2027 жылдарға арналған экономиканы дамытудың үш сценарийін қарастырған болатын. Сонымен, базалық сценарий бойынша доллардың есеп айырысу бағамы $1 үшін 470 теңге, оптимистік жағдайда – $1 үшін 440 теңге, пессимистік жағдайда $1 үшін 500 теңге деңгейінде көтеріледі деп болжанған.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдаушысы Зарина Скрипченко LS-ке қаржы нарығының сарапшылары 12 ай ішінде ұлттық валютаның $1 үшін 474,2 теңгеге дейін қалыпты әлсіреуін күтетінін айтты. Оның айтуынша, теңге бағамының динамикасы мұнай бағамдарына, АҚШ федералды резервтік жүйесімен Ұлттық банктің монетарлық саясатына байланысты болады. Сондай-ақ, төлем балансының ағымдағы шотының жай-күйі және қазақстандық валюта нарығын тұрақтандыру жөніндегі шаралар әсер етуі мүмкін.
AERC компаниясында шілдедегі шолуында USD/KZT жұбының бағамы 2023 жылы $1 үшін 445,3 теңге деңгейінде күтілетіні хабарланды. Алдыңғы бағалаумен салыстырғанда сарапшылар доллардың өзінің әлсіреуі мен Ұлттық қордан аударылатын трансферттер арқылы ұлттық валютаны одан әрі қолдауға байланысты өз болжамдарын теңгенің нығаюына қарай өзгертті.
Ағымдағы жылдың соңына қарай Halyk Finance теңгенің $1 үшін 475 теңге деңгейінде әлсіреуін болжап отыр. Сарапшылар мұны елдегі жоғары инфляциямен, базалық мөлшерлеменің төмендеуімен және экспортқа қарағанда импорттың жылдам өсуімен байланыстырды.