26.08.2024, 19:30

«Халықтың ұлт ретіндегі күретамыры»: Тарихшы Президенттің қазақ тарихына қатысты тапсырмаларының маңыздылығын атады

Фото: Видеодан алынған кадр

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі қолға алынды.

2024 жыл Қазақстан тарихында ерекше орын алатын жыл болып отыр. Бұл жылдың ерекшелігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихқа қатысты айтқан маңызды ойларында және тапсырмаларында көрініс тапты. Мәселен, Президент тарихи зерттеулерді дамытудың маңызды шаралары ретінде қазақ тарихының 7 томдығын даярлауды тапсырды. Бұл жұмыстың басталғаны туралы да айтылды. Сонымен қатар, 2024 жыл Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толуымен ерекшеленеді. Осыған байланысты, тарихшыларға үш негізгі бағыт бойынша жұмыстарды жалғастыру тапсырылды: біріншіден, Қазақстан тарихының 7 томдығын даярлау, екінші Жошы ұлысының 800 жылдығы және саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның жұмысын жалғастыру.

Президенттің Жолдауда бұл мәселеге қатысты арнайы тапсырма жүктеуі тегін емес. Соңғы кездері тарихи оқиғаларға қатысты түрлі таластардың туындап, тарихи тұлғалар туралы әртүрлі болжамдардың айтылып жүргені белгілі. Мұндай екіжақты пікір, дәлелсіз айтылған ой, негізсіз жасалған болжамдардың тарихқа еш пайдасы жоқ. Сауатсыз жазбалар халықты адастырады. Өз тарихын енді танып келе жатқан жастарды шатастырады. Осыған орай Мемлекет басшысының тарихты түгендеумен нағыз мамандар айналыссын деп қадап айтып, елдің өткеніне қатысты деректерді бір жүйеге түсіруді тапсыруы дер кезінде айтылған өте орынды ұсыныс.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі қолға алынды. Бұл іске еліміздің 250 ғалымы, одан бөлек бірқатар шетелдік маман атсалысып жатыр. Аталған еңбектің дербес бір томы Жошы ұлысына арналды. Ұлттық құрылтайда берілген бұл тапсырма тарихтағы талай екіұшты деректерге нүкте қояры талассыз.

Мен осы үш бағыттың ішінен Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған ғылыми шараларға тікелей атсалыстым. Республика көлемінде өткен бірнеше конференцияларда қатысып, баяндама жасадық. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі ретінде, Президент тапсырмасын орындау мақсатында тарих факультеті халықаралық деңгейде Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған конференция ұйымдастырылды. Осы конференцияның материалдары ғылыми жинақ түрінде жарық көрді. Сондай-ақ, басқа өңірлерде өткізілген конференцияларда да белсенді қатысып, баяндамалар жасалды.

Қазақтың тарихы - халықтың ұлт ретіндегі күретамыры. Сондықтан Мемлекет басшысының алдағы Жолдауында да тарихымызды түгендеп, тұлғаларымызды тануға ерекше ден қойылады деген ойдамын. Өткенсіз бүгін жоқ. Өткен тарихын білген ұрпақтың ұтылмайтыны анық. Осыған орай тарихты тануға деген қызығушылықты арттыратын жобалар жасау кезек күттірмейді. Бұған дейін Президентіміз тарихты туризм көзіне айналдыру қажеттігін атап өткен еді. Алдағы Жолдауда осы мәселені жүзеге асырудың нақты тетіктері жасалса нұр үстіне нұр.

Берекет Кәрібаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор