Бапкерлер мен спортшылар еліміздің абыройын арттыруға үлкен үлес қосты.
Дзюдодан Париж Олимпиадасының жеңімпазы, Рио және Токио ойындарының жүлдегері Елдос Сметов Ақордада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен кездесуде сөз сөйледі. Ол өзі армандаған Олимпиада алтынын алу үшін бар күшін салғанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Үш Олимпиада ойындарында аянбай еңбек етіп, тер төгіп, Париж ойындарында алтын алсам деген арманым бар еді. Сол арманыма Сіздің және халықтың арқасында жеттім деп білемін.
Әр спортшының арманы - Олимпиададан алтын алу. Бапкерлер мен спортшылар еліміздің абыройын арттыруға үлкен үлес қосты.
Жақсылық Үшкемпіровтің жеңісінен соң 44 жыл өткенде Олимпиада алтынын елімізге әкелгеніме, Париж төрінде әнұранымызды ойнатып, туымызды көтергеніме өте қуаныштымын.
Халқымның қолдауын сезіндім, әр белдесу сайын жігерленіп отырдым. Алдағы уақытта да әлемдік ареналарда көк туымыз желбірейтініне, әнұранымыз шырқалатынына сенемін. Алға, Қазақстан», - деді Сметов.
Айта кетелік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовті І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.