$ 494.87  520.65  4.91

Гүлмира Сатыбалды сотта соңғы сөзін айтудан бас тартты

Бірақ судья оған шыдамдық танытып, өз құқығын қорғауды және қолдануды сұрады. 

Фото: соттан кадр
Фото: соттан кадр

Гүлмира Сатыбалды сот отырысында денсаулығының нашарлауына байланысты соңғы сөзін айтудан бас тартты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Stan.kz-тің мәліметінше, 28 тамызда Гүлмира Сатыбалды айыпталушы ретінде соңғы сөзін айтуы керек еді.

27 тамыздағы сот отырысына ол денсаулығына байланысты қатыса алмады. Оның мүддесін адвокат Әсемгүл Даниалова қорғап, Гүлмира Сатыбалдыны ақтауды сұрады.

28-і күні Гүлмира Сатыбалды тергеу изоляторынан онлайн қосылды. Бірақ сот отырысы басталмай тұрып судья Мәртпек Кәкімжановтан сот талқылауын оның қатысуынсыз өткізуді сұрады. Бірақ судья оған шыдамдық танытып, өз құқығын қорғауды және қолдануды сұрады. Десе де айыпталушы өзін өте нашар сезініп, процеске қатыса алмайтынын айтты. Ол да соңғы сөзді айтудан бас тартты.

"Сіз адвокаттарыңызды толық қолдайтыныңызды сот өзі түсінді. Сондықтан "Сот денсаулық жағдайыңызға байланысты босатып жатыр, бара беріңіз", – деді судья Кәкімжанов.

Сот жәбірленушінің мәлімдемелеріне көшті.

Өткен жолғы сот отырысында прокурор айыпталушыны 13 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар жәбірленушілер Гүлмира Сатыбалды мен Мәди Батыршаевтан 11 миллиард теңгеден астам соманы өндіруді талап етті.

Еске салайық, бұл сот процесінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша құқық бұзушылық жасады деген айып тағылып отыр. Сот процесі 3 маусымда басталды және әлі жалғасып жатыр.

Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша айып тағылған. Ал оның қол астында жұмыс істеген Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) айыпталып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары