Әлеуметтік желілерде маймыл шешегіне қатысты қауіпті ақпарат тарады.
Астана әуежайында жолаушыдан маймыл шешегі анықталғаны туралы ақпарат тарады. Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Әлеуметтік желілерде таралған Астана әуежайында жолаушыдан маймыл шешегі анықталғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Теріс жарияланымдарда маймыл шешегінің елге енуіне қарсы дайындық бойынша өткізілген ведомствоаралық оқу-жаттығу барысында түсірілген бейнематериал қолданылған.
ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстанда маймыл шешегі ауруының бірде-бір жағдайы тіркелмегенін, сондай-ақ сырттан әкелінген жұқпалы жағдайлардың тіркелмегендігін хабарлайды", - делінген хабарламада.
Маймыл шешегінің елімізге енуінің алдын алу мақсатында өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді.
Жалған ақпарат таратқан адамдардың әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.
"Әлеуметтік желі қолданушыларын және барлық азаматтарды тек ресми дереккөздерден алынған сенімді ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз", - дейді комитет өкілдері.