03.09.2024, 13:20

«Білгенін істеп жатыр»: Көшеде ит атқан ветеринария қызметкері астаналықтарды шошытты (ВИДЕО)

Фото: видеодан алынған

Итті атып кетті.

Желіде қаруланған ветеринария қызметкерінің тұрғындар мен балалардың көзінше иттерді атып жүргені туралы видео тарады. Видеодан ер адамның қару ұстап, иттің соңынан кетіп бара жатқаны анық байқалады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жазба авторы Көктал ауданында көптеген тұрғын мен балалардың көзінше «Астана Ветсервистің» мекемесінің қарулы қызметкері иттерді атып жүргенін айтады.

«Сұмдық, білгенін істеп жатыр. Итті атып кетті», – дейді видеоны түсірген әйел адам.

Осы оқиғаға қатысты «Астана Ветсервис» қызметі пікір білдірді. Мамандар Көктал ауданында осылай жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша рейд жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.

«Аталмыш видеоға қатысты келесіні хабарлаймыз: бұл қаңғыбас иттерді аулау үшін қолданылатын «УВЫШ 3вг» пневматикалық газ баллонды шприц. Қазақстанда рұқсат етілген қозғалтпай қоятын препарат шприцке құйылады. Жан-жануарларды қозғалтпай қоятын препаратты қолданғаннан кейін жануар 3-4 минут бойы қимылдамай қалады. Содан кейін жануар «СтопОтлов» жануарлар үйіне жеткізіледі», - деді ветеринария қызметінің өкілдері.