$ 498.34  519.72  4.85

Ақтөбеде облысында мектеп оқушылары төбелесіп, бір бала көз жұмды

Құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жеделдетіп, кінәлі адамдарды анықтауға күш салып жатыр. 

Фото: riavrn.ru/ Андрей Архипов
Фото: riavrn.ru/ Андрей Архипов

Ақтөбе облысында жоғары сынып оқушылары арасындағы жанжалдан кейін 14 жастағы бала қайтыс болды. Екі жасөспірім қамауға алынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Nur.kz-тің мәліметінше, Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында жасөспірімдер арасындағы төбелестен кейін 9-сынып оқушысы көз жұмды. Қайғылы оқиға 2 қыркүйек түнде тіркелген. Аудан әкімдігінің өкілдері жанжал неден шыққаны әзірге белгісіз екенін айтты. Қазіргі уақытта төбелеске қатысқан оқушылар жауап беріп жатыр.

"Оқиға шамамен кешкі сағат 10:00 шамасында болған. Бізге хабар сағат 11-ден кейін түсті. Барғанда 9-сынып оқушысы қайтыс болған. Жас балалар арасында бір-бірімен келіспеушілік болды. Мән-жай тергеу кезінде анықталады. Кеше ата-аналарымен бірге 18 баланы мектеп автобусымен аудандық полиция бөлімшесіне алып келдік. Қалай болғаны әзірге белгісіз. Ол жердің балаларының бәрі тату, алдыңғы қатардағы ауыл еді. Балалардың бәрі спортқа жақын, волейбол, футбол, тенниске ойындарына белсене қатысатын. Қайтыс болған бала да ірі, денелі оқушы еді. Денесінде үлкен жарақат жоқ. Тек бетінде қан ізі бар",- деді Темір ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Нұралы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел жәрдем қызметі оқиға орнында бір адамның өлімін тіркеген, медициналық мекемеге басқа ешкім жүгінбеген. Ал Ақтөбе облыстық білім басқармасы мектепте қауіпсіздік шарасы күшейтілгенін хабарлайды.

"Темір ауданы, Қопа ауылындағы балалар арасында болған төбелес салдарынан бір баланың қайтыс болуына байланысты бірқатар жедел шара қабылданды. Құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жеделдетіп, кінәлі адамдарды анықтауға күш салып жатыр. Қайғылы оқиғаға қатысы бар адамдар мен олардың отбасына психологиялық көмек ұйымдастырылды. Сонымен қатар мектепте және ауылда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр. Мектептерде тәрбие жұмыстары күшейтіліп, салауатты өмір салтын насихаттау, буллинг пен агрессияның алдын алу бойынша қосымша іс-шаралар іске асырылады. Жергілікті тұрғындармен бірлесіп, ауылдағы жастар арасында тәртіпті қадағалау және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында қоғамдық бақылау шаралары күшейтіледі. Бұл шаралар ауылдағы жағдайды тұрақтандыруға және осындай қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталады”,- деп хабарлайды білім басқармасы.

 Ал облыстық полиция департаменті өкілдері оқиға қатысты екі адам ұсталғанын хабарлады.

"Кәмелетке толмаған баланың қайтыс болу фактісі бойынша Темір ауданы полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Жанжалдың барлық қатысушысы анықталып, полицияға жеткізілді. Екі күдікті үсталды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды", - деп хабарлайды облыстық полиция департаменті өкілдері.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары