05.09.2024, 18:00

«Косметика жаққанына ескерту жасаған»: Талдықорғанда мектеп директорының оқушыға ұрысқан видеосы талқыға түсті (ВИДЕО)

Фото: Антимафия

Видео авторы директор әр болмашы нәрсеге қадалып, балалардан мін іздейтінін айтқан. 

Желіде Талдықорған қаласындағы №6 Макаренко атындағы орта мектептің директоры Рита Саидгариеваның әр оқушыдан мін іздеп, жөнсіз тиісе беретіні туралы видео тарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Видео авторы №6 Макаренко атындағы орта мектептің директоры Рита Саидгариева әр болмашы нәрсеге қадалып, балалардан мін іздейтінін айтқан. 

Бұған қатысты Талдықорған қаласының білім бөлімі бірден жауап берді.

"2024 жылғы 3 қыркүйек күні сағат 8:10 шамасында мектеп директоры, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары сабаққа балалардың қатысуы, себепсіз келмеген балаларды анықтау, мектеп формасына қойылған талаптарды реттеу мақсатында сыныптарды аралаған. Аралау барысында  9-сынып оқушысы Гүлнұр Абылайға, басқа оқушы, мұғалімдер естімеген, жеке дәлізде (09.05.2010 ж.т) косметиканы асыра қолданғаны туралы ескерту жасалып, сүртіп алу ұсынылды", – делінген білім бөлімінің хабарламасында.

Білім бөлімінің сөзінше, оқушы 1-қабаттағы қол жуғышқа (раковина) бетін жуып тұрған. Мектеп директоры бетінің су-су болғанын көріп, оқушыға жақындаған. Осылайша оқушы директордың бет сүртетін сүлгі (салфетка) ұсынып жатқан жерін өзінің TikTok-тағы парақшасына жариялап жіберген.