05.09.2024, 18:20

«Кездейсоқтық па, әлде Тұраровтың «крышасы» ма»: Адвокат Жанқошқа қатысты іс жылы жабылғанын айтты

Фото: instagram.com/zhankoshturarov

Жанқош Тұраровтың үстінен 2018 жылы бұзақылық бабымен (атысқан) қылмыстық іс қозғалған екен.

Әнару Құрманәлінің адвокаты Ләззат Ахатова боксшы Жанқош Тұраровқа қатысты тағы бір ақпарат айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Жанқош Тұраровтың үстінен 2018 жылы бұзақылық бабымен (атысқан) қылмыстық іс қозғалған екен. Іс Алмалы аудандық полиция бөлімінде тіркелген. Алайда іс тергеуден қысқарып кеткен. Әнару Құрманәлі де дәл сол жылы арыз берген. Дәл сол Алмалы аудандық полиция бөліміне. Енді осы жерде назар аударатын жағдай: сол кездегі Алмалы аудандық полиция бөлімінің басшысының орынбасары болған адам қазір Әуезов аудандық полиция бөлімінің (соңғы іс қаралып жатқан) басшысы. Кездейсоқтық па, әлде Тұраровтың «крышасы» ма, уақыт көрсетер. Бұл туралы Бас Прокуратураға жазып жатырмыз», — дейді Ләззат Ахатова.

Сондай-ақ адвокат Әнару Құрманәлі мен Жанқош Тұраров тағы беттесетінін хабарлады. Өйткені, Ахатова атап өткендей, бұған дейінгі беттесу кезінде тергеуші өрескел заңсыздықтарға қол берген. Яғни, зардап шеккен Әнару Құрманәліге 25 сұрақ, ал күдікті Жанқош Тұраровқа 1 ғана сұрақ қойыпты. 

«Тараптардан адвокаттардың қатысуымен қайтадан жауап алынады. Істің нәтижесі әзірге осы. Енді Жанқош Тұраров неге қамауға алынбай жатыр деген сұрақтарға жауап: әр істің өз нюанстары болады. Бұл іс бойынша арыз сәл кешігіп түскен, ал, сараптама қорытынзадысы шықпай, күдікті статусы берілмейді. Сәйкесінше, әзірге бұлтарптау шаралары қолданылмайды. Жәбірленушінің қорғау тарапы осы бағытта тиісті жұмыс атқарып жатыр», — дейді Ләззат Ахатова.