$ 494.87  520.65  4.91

«Ұлыма белдемше кигізіп, видеоға түсірген»: Дикий Арманның сыбайласынан зардап шектім деген әйел үндеу жасады (ВИДЕО)

Ұлының абыройы төгілмеуі үшін отбасы Чина Албанға аптасына 200 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақша жіберіп отырған.

Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

Дикий Арманның қылмыстық тобының мүшесінен зардап шектім деген әйел Президентке үндеу жолдады. Ұлының қылмыстық топ мүшелері тарапынан қорлық көргенін айтқан әйел президентке және ішкі істер министріне видеоүндеу жолдады. Әйелдің айтуынша, Дикий Арманның қылмыстық тобының мүшесі “Чина Албан” есімді адам ұлынан ақша бопсалап жүрген көрінеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.

“Халықаралық іздеуде жүрген, қазір Түркияда тұратын, қылмыс әлемінде “Чина Албан” атымен танымал Шыңғыс Мұқашев екі жылдан бері менің ұлымнан ақша бопсалап келеді. Менің ұлымды Чина Албанның тобындағы 4 адам кездесуге алдап шақырып, тауға апарып ұрып-соғып, белдемше кигізіп, намысына тиетін видеолар түсірген”, – дейді әйел. 

Әйелдің айтуынша, олар осы видеоларды желіде жариялаймыз деп ұлынан ақша бопсалаған. Ұлының абыройы төгілмеуі үшін отбасы Чина Албанға аптасына 200 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақша жіберіп отырған. Әйел осы себеппен үйін сатып, қазір далада қалғандарын айтады. 

“Чина Албан Түркияда отырып қорқытуын тоқтатпады. Ақша сала алмай қалған кезімізде ұлымның атынан парақша ашып, белдемше кигізіп түсірген видеоларды жариялады. Бізге Алматы облыстық ішкі істер департаментінің полиция майоры Мақсат Ихсанов мырза ұлымды тауға апарып, ұрып соққан 4 күдікті ұстауға көмектесті. Видеолар желіге салынғаннан кейін ұлым Мақсат мырзаға барып, видеоларды өшіруге көмектесуін сұрайды. Сонда Мақсат мырза Чина Албанға телефон соғып, видеоларды өшіруін сұраған”, – дейді жәбірленушінің анасы. 

Алайда Чина Албан өзіне полиция қызметкерінің қоңырау шалғанын түсіріп алып, арызданған көрінеді. Әйелдің айтуынша, қазір отбасыға көмектескен полиция қызметкері жұмысынан шығарылғалы жатыр екен. 

Әйел видеода көзіне жас алып, президент пен ішкі істер министрінен аталмыш істі өз бақылауларына алуды сұрайды. 

Алматы полициясы осы жағдайға байланысты "бопсалау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

"Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, басқа мән-жайлар анықталуда, тергеу барысы Алматы полиция департаменті басшылығының бақылауында”, – делінген хабарламада. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 5

Серіктес жаңалықтары