17.09.2024, 10:20

Алматыда биіктен құлап мерт болған оқушылар туралы жаңа дерек шықты

Фото: Pixabay

Екеуі мектеп формасында болды.

Алматыда 7-сыныптың екі оқушысы биіктен құлап қайтыс болды. Қайғылы жағдайдың мән-жайын полиция анықтап жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

КТК телеарнасының ақпаратынша, 12-13 жастағы қыздардың құлағанын көргендер көп. Олар қаладағы сегіз қабатты үйдің шатырынан сағат 11-лерге таман құлаған.

"Біреуінің беті жерге қарап, екіншісі шалқасынан жатты. Екеуі мектеп формасында болды", - дейді тұрғын Галина Васильева. 

Ақ көйлек, қара шалбар киіп, арқасына сөмке асып алған екі қыздың сол үйдің алдында жүргені бақылау камерасына түсіп қалған.

Бұл кадрлар сол қайғылы оқиғаға дейін түсірілген. Бастапқыда екеуі курьердің артынан кіріп үлгере алмай қалады. Көп ұзамай, есік қайта ашылғанда ішке кірген. Телеарна мәліметінше, қайтыс болған 12-13 жастағы екі қыз қаладағы мектептердің бірінде оқыған. Екеуі екінші сабақтан кейін күзетшіге "дүкенге барамыз" деп, кетіп қалған көрінеді. Алайда білім ордасындағылар қыздарға қатысты нақты ештеңе айтпаған. Енді іспен тәртіп сақшылары айналысып жатыр.

"Алмалы ауданы полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себеп-салдары мен мән-жайы анықталып жатыр. Алматы қаласының білім басқармасы да арнайы комиссия құрыпты. Қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтауға олар да кіріскен", - деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.