Басында 2 сөйлем, соңында 2 сөйлем қазақша айтып, өтірік мүсіркеп, біздің мемлекеттік тілімізді қорламауға шақырамын!
Ринат Заитов Мәжілісте заң жобасын орыс тілінде таныстарған шенеуніктерге ренішін жеткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте Салық кодексінің жобасын және салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулері таныстырылды. Заңдардағы негізгі нормаларды Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов көбінесе орыс тілінде түсіндірген. Ал олардың бұл әрекеті Ринат Зайытовқа ұнамады.
«Президет Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея сессиясында «Әркімнің патриоттық деңгейі мемлекеттік тілге деген құрметімен өлшенеді» деп анық айтқан. Бәлкім, Евгений Кочетовқа, Роман Васильевич Склярға, тіпті Ринат Рифхатұлы Заитовқа да кешірілетін шығар. Бірақ атасының аты Әміре, өзінің аты Азамат, әкесінің аты Біржан, өзінің аты Ержан деген азаматтарға мына жерге келіп шүлдірлеп тұрған жараспайды. Басында 2 сөйлем, соңында 2 сөйлем қазақша айтып, өтірік мүсіркеп, біздің мемлекеттік тілімізді қорламауға шақырамын», – деді Ринат Заитов.