Бұл — сорақылық, бұл надандық. Бұл — мәдениеттің төмендігі.
«Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы әрі жүргізушісі Жанар Байсеміз қазақ тілінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның пайымдауынша, екі сөздің біріне орысша қосып сөйлеу – сән емес. Бұл туралы тележүргізуші Instagram-дағы stories бөлімінде ойын ашық жазды.
«Блогерлер, коучтар, тағы басқалары «больым» деп көп айтып жүр. Менің больым дейді. Боль деген сөзді жан жарасы деп алсақ қалай болады? Жан жарасы — қандай әдемі сөз.
Қазақ тілінің қадір-қасиетін қазақша сөйлейтін қазақтар ғана кетіріп жатыр. Кезінде ауылдан шыққан қазақтар, тілі қазақша шыққан қазақтар. Мектепте, университетте қазақша оқыған қазақтар.
Екі сөздің біріне орысша сөз қосу — сән емес. Бұл — сорақылық, бұл надандық. Бұл — мәдениеттің төмендігі. Ойыңды орысша жеткізгің келсе, таза орысша сөйле. Қазақша айтқың келсе, таза қазақша айт. Құдай үшін, тіл тазалығын сақтайықшы», — деп жазды журналист.