20.09.2024, 14:00

Тыйылмай тұрған сарбаз өлімі: Әскердегі әлімжеттік қайтсе азаяды

Фото: istockphoto.com

Төрт жылда 310 сарбаздан айырылсақ, жылына 77 жас жігіт қыршынынан қиылады деген сөз, олай болса аптасына бір сарбаз жан тапсырады деп топшылауға болады.

 

Әскердегі әлімжеттік мәселесі әлі күнге дейін өз шешімін таппай келеді. Оған дәлел кешегі Ербаян Мұхтар сынды сарбаздардың оқиғасы. 2020 жылдан бері әскерде қаза тапқан сарбаздардың саны 310 адамға жеткен. Осы тұста Skifnews.kz ақпарат порталы қазақ армиясының қазіргі күйіне кеңірек тоқталмақ. 

Төрт жылда 310 сарбаздан айырылсақ, жылына 77 жас жігіт қыршынынан қиылады деген сөз, олай болса аптасына бір сарбаз жан тапсырады деп топшылауға болады. 

Қорғаныс министрлігі бейбіт күнде қынадай қырылып жатқан жас жігіттердің өліміне түрлі себептерді атайды: ауру-сырқау, суицид, жол-көлік оқиғасы, тағы басқалар.

Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғандардың өлімі жылдан-жылға артып келе жатқанын айта кеткен жөн. Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев былтыр 2020 жыл мен 2023 жыл аралығында армияда 270 сарбаздың бақилық болғанын мәлімдеген еді. Ал Ұлттық ұланда 3 жыл 9 айда 58 әскери қызметшісі қаза тапқан. 

Фото: national_guard_kaz

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов олардың көп бөлігігі ауырып қаза тапқанын айтты. 

Олардың ішінде солдат болып қаза тапқаны 4 адам. Яғни, әскерге келген төрт адам денсаулығы жарымсыз болып аурудан қаза тапқан. Тағы бір әскери қызметшіні тоқ ұрып қаза тапты. Биыл бір әскери қызметші демалысы кезінде қайтыс болды. Осылайша, осы 58 фактінің ішінде 2021 жылы 5 солдат, 2022 жылы – 4 солдат, 2023 жылы -  бір солдат қаза тапса, 2024 жылы тоғыз ай ішінде қаза тапқан солдатымыз жоқ. Бұны менің ресми мәлімдем деп қабылдаңыздар, - деді отырыста ол.

Әскердегі әлімжеттік мәселесін АМАНАТ партиясы 2022 жылы көтерген болатын. Алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып кетті десе де болады. Сарбаздардың армияда жарақат алып, қайтыс болуы тоқтар емес. Осылай деген Парламент мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев әскерге барамын деп соққыға ұшырап, қаза тауып жатқан жас сарбаздардың мәселесі туралы айтты. 

Даңқы батыр Бауыржан Момышұлы: «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» дейді. Сол жөргектегі тәрбиесі жер көкке сыйғызбай әскер қатарына барып, Отанымды қорғаймын деген балаларға қиянат жасалды.  Жауырды жаба тоқығанмен жараның жазылмайтыны белгілі, оның айғағы бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болуда. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай.  Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаңда ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді. Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Бұл – әскери прокуратура мәлімдеген ресми сан, - деді депутат.

Ол кейінгі бір-екі жылда қиын жағдайға ұшыраған бірнеше сарбазды атады.

2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Арты немен бітті дейсіз ғой, іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған.  2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Қазір ата-анасы Ербаянды шетелге емге әкетуге қам жасауда, - деді ол.

Нартай Сәрсенғалиев 7 қыркүйек күні Ақтаудағы гарнизонда офицер атып өлтірген Марат Барқұловтың қазасын тергеу орындары әділ зерттеп, нәтижесін қоғамға ашық түрде жеткізуі керек екенін айтты.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», - деп атап өтті. Өкінішке қарай, армиядағы жағдай бұған мүлдем кереғар болып тұр. Былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера бар деді. Ондағы жазбалар қайда? Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма?, - дейді ол.

 Ал әскердегі әлімжеттік қайтсе тоқтайды? Жаға ұстатар статистиканы қалай төмендетеміз? Skifnews.kz ақпарат порталы осы сұрақтарға жауап іздеп көрді. 

Психологты көбейту керек

Әр азамат Отанын қорғауға міндетті екенін жақсы түсінеміз. Дегенмен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күнде жұмбақ жағдайда өз-өзіне қол жұмсап, асылып немесе атылып қалып жатуы үлкен қасірет қой! Біздің «неге, кім кінәлі?» деп сұрау­ға толық құқығымыз бар, – дейді қоғам белсендісі Жанат Есентай.

Доғарыстағы полковник Еркінбек Жайлаубаевтың ойынша, қазір әскерде тәртіп мүлде босаңсып кеткен.

Бұрын кеңес армиясында рота командирі мен жауынгердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әр солдатқа басымен жауап беретін. Оның бір тал шашының түспеуіне мүдделі еді. Әскери комиссариат­тарда елу-алпыс адамды бір психолог тексерістен өткізетін. Қазір екі мың адамға бір психолог көрінеді. Ол үлгере ме? Сосын келіп әскерге шақырушылардың психологиялық жағдайына атүсті қарау орын алып жатады. Мен бірде-бір әскери психологтың арнаулы курстан өтіп, біліктілігін жетілдіріп жатқанын естіген емеспін. Олар өз жұмысына өте салғырт қарайды. Тіпті кей әскери бөлімшелерде психолог қызметін қосымша екінші біреу атқарып жүреді. Міне, осыдан келіп әскердегі суицид көбейіп отыр, - дейді полковник.

Полковниктің пікірінше, әр ротаға бір-бір психолог алып, әр солдаттың психологиялық жағдайын күн сайын тексеріп отыру керек. Олардың біліктілігін арттырып, жауапкершілігін күшейту қажет. Әрі ротадағы әрбір жауынгердің моральдық ахуалын осы маманнан сұрап отырса, әскердегі қазіргідей келеңсіздіктер болмас та еді.

Жаңа петиция: әскерге 20 жастан бастап шақыру

Жақында елімізде әскерге шақыру жасын 18-ден 20-ға өзгерту туралы петиция пайда болды. Құжат авторлары әскерге 20 жастан бастап шақырудың бірнеше себебін атаған:

Психологиялық және физикалық тұрғыда жетілу; Білімін жалғастыру; Дезертирлік (әскерден қашу) пен құқықбұзушылық деңгейін төмендету; Әскери дайындық сапасын жақсарту. Психологиялық зерттеулер бойынша, жасы есейген кезде әскерге баратын жастардың әскерден қашу деңгейі азаятын көрінеді. Швеция, Германия, Швейцария мен Аустрияда әскерге 19-20 жастан бастап шақырылады екен.

Әскерге шақыру жасын 20 жасқа дейін көтеру әскери қызметтің тиімділігін арттырып, жас азаматтардың мүддесін қорғап, Қазақстанның қорғаныс жүйесінде оң өзгерістерге әкелетініне сенімдіміз. Осы өтінішті қарап, міндетті әскери қызметке шақыру жасын өзгерту бойынша тиісті шаралар қабылдауыңызды сұраймыз, – делінген құжатта.

Жұмысшы мамандығын меңгерсе…

Қазір әскер қатарында жүріп жұмысшы мамандығын меңгеру күн тәртібіне қойылып отыр. Ол тіпті елге келгеннен кейін де кәдеге асар еді. Сондықтан да Үкімет «әскерде жүріп, техникалық және кәсіби тегін білім алу» бағдарламасын осы бағытта жалғастыруды қолға ала бастады. Әскерге бару күштік құрылымдарға жұмысқа тұрғысы келетіндер үшін бір жылдық жұмыс өтіліне саналатын болса, енді белгілі бір мамандықты меңгеру жауынгердің алдағы болашағына жол ашып, жұмыссыз қалмайтынына сенімін нығайтар еді.

Бұған Мемлекет басшысы да аса мән беріп: «Әскер қатарында жүріп мамандық алуға мүмкіндігін туғызу керек. Мерзімдік қызметке алынған жауынгерлердің экономиканың нақты секторына ауадай қажет жұмысшы мамандығын меңгеріп шығуы жайын алдағы уақытта жан-жақты ойластыру керек» деді өзінің халыққа арнаған Жолдауында.

Жасыратыны жоқ, әлімжеттік әскерде қай кезде де болған. Мамандар оны толық тоқтату мүмкін емес деп отыр. Өйткені ол – иерархиялық жүйе. Бұрын келген сақа солдаттар өзінен кейінгі келгендерге жасының үлкенін, әскери тәжірибесін, физикалық мүмкіндігін пайдаланып, бағынбаса немесе қыңырлық танытса, күш көрсетеді. Ол жағдай ішкі циклмен қайталанатын болғандықтан, оған түпкілікті бақылау орнату мүмкін емес. Бірақ тәртіп пен қадағалуды күшейткен жерде нәтиже болатынын тәжірибе көрсетіп отыр.

Айта кетейік, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов жеке құраммен жұмыс кезінде қателіктер жіберген генералдар мен әскери шенеуніктерге сөгіс жариялады.