20.09.2024, 18:00

Ресей футбол одағы Нұралы Әліпке қатысты шешім шығарды

Фото: Нұралы Әліптің nurik028 инстаграм парақшасынан

Ойынның 80-минутында Нұралы Әліп пен "ЦСКА" клубының бразилиялық легионері Барбоза Мойзес арасында қақтығыс болды.

Ресей футбол одағының сараптамалық комиссиясы "ЦСКА" мен "Зенит" арасындағы матчта болған даулы эпизодқа қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"Төрешінің "Зенит" ойыншысы Нұралы Әліпті ойыннан шеттетпеу туралы шешімі дұрыс деп танылды. Нұралы Әліптің Барбоза Мойзеспен допқа таласу кезінде және одан кейінгі қақтығыста ережені өрескел бұзу немесе агрессивті әрекет элементтері болмаған. Ойыншы тарапынан артық күш қолданылмағандықтан, төреші Әліпке тек ескерту жасаған. Комиссия бұл шешімді бірауыздан қолдап, "Зенит" ойыншысына көрсетілген ескерту әділ болды деген қорытындыға келді", - делінген Ресей футбол одағының хаттамасында.

Еске салсақ,  14 қыркүйекте "Зенит" футбол клубы Ресей премьер лигасының 8-туры аясында мәскеулік "ЦСКА" командасына қарсы кездесу өткізген болатын. Бұл матчта "Зенит" клубы 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ойынның 80-минутында Нұралы Әліп пен "ЦСКА" клубының бразилиялық легионері Барбоза Мойзес арасында қақтығыс болды. Нәтижесінде екі ойыншыға бас төреші сары қағаз көрсетті. Ресей футбол одағының сараптамалық комиссиясы осы оқиғаға қатысты өз шешімін шығарды. Аталмыш матчты Алексей Сухой басқарған.