Ол үш жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Қарағандының бұрынғы әкімі және мәжілістің экс-депутатының ұлы 78 жастағы анасын соққыға жыққаны үшін сотталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотында 1946 жылы туған анасының денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.
"Сотталушы үйде анасы К-мен жанжалдасып, жәбірленушінің басы мен денесінен ұрып, теуіп, денсаулығына зиян келтірген. Осылайша жәбірленуші жабық бас-ми жарақатын алған. Нәтижесінде 78 жастағы қарияның миы шайқалып, оң көз орбитасының бүйір қабырғасы сынған. Сондай-ақ оң жақ бет сүйек доғасы, оң жақ гаймор қуысының алдыңғы және артқы қабырғалары сынған. Сонымен бірге гемосинус дамуы, беттің көгеруі, оң жақтағы кеуде қуысының жабық жарақаты, 3, 4, 5, 6- қабырғаларының сынуы, бірінші бел омыртқасының жабық, асқынбаған компрессиялық сынуы диагнозы қойылды", – делінген хабарламада.
Айыпталушы У-дың кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, куәгерлермен және сараптама қорытындысымен дәлелденді.
Прокурор ер адамды үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші де ұлына жазаның ең жоғары түрін тағайындауды сұрады. Ал сотталушының адвокаттары оны бас бостандығынан айырмауды талап еткен.
"Сот У-ға қатысты оның жеке басын, жауаптылығын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, кінәсін мойындамауын және жасаған ісіне өкінбейтінін, жақын адамына – анасына дене жарақатын келтіруін ескерді", – делінген сот мәлімдемесінде.
Нәтижесінде 2024 жылы 23 қыркүйектегі сот үкімімен оған үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болды. Ол талаптарды толығымен қанағаттандырып, ер адамға 1 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы тағайындалды.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.