23.09.2024, 18:20

«Ұзақ ұстағаннан пайда жоқ»: Ербаян Мұхтар үш күннен кейін Германияға аттанады

Фото: коллаж sn.kz

Емдеу ұзақ уақытты қажет етеді.  

Алты айдан астам комада жатқан ұлттық ұлан сарбазы Мұхтар Ербаян үш күннен кейін Германиядағы клиникалардың біріне ем алу үшін аттанатын болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бүгін Ербаянды ата-анасы Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына тексеруге алып келді. Сарбазды еліміздің ең тәжірибелі нейрохирургтарының бірі Серік Ақшолақов қабылдады.

"Барлық анализдерін алып, тексеруден өткізгеннен кейін Германиядағы әріптестерімізбен байланысқа шығамыз. Ол жақпен барлық мәселе шешілген, Ербаянды тезірек жіберуіміз керек. Емдеу ұзақ уақытты қажет етеді. Біз мұнда бір дәрі қолдансақ, Германияда басқа дәрі қолданулары мүмкін. Егер баланың анализдері мен жағдайы ұшақта сапар шегуге мүмкіндік берсе, оны тез арада жібереміз. Ұшуға жағдайы жеткілікті сияқты, соза бергеннен ешқандай пайда жоқ. Әкесінен бізге тек үш күн беруді сұрадым", - деді Серік Ақшолақов.

Ербаянның қауіпсіздігі үшін әкесі оның қасында болады. Әскери госпитальда Ербаянға рұқсатсыз ота жасалғаннан кейін, отбасы дәрігерлерге күмәнмен қарайтындарын айтты.

Дәрігерлер Ербаянға ем кезінде қолданылатын дәрі-дәрмектер тек әкесінің рұқсатымен беріледі деп сендірді. Дегенмен, денсаулығына қатысты нақты пікір айтуға әлі ерте.

"Ербаянды орталыққа жаңа ғана жеткізді. Біз анализдерін қарап, тексеру жүргізіп жатырмыз. Үш күннен кейін толық ақпарат бере аламыз. Бұл біздің тәжірибеміздегі шетелге жіберілетін алғашқы науқас. Қазіргі кезде Ербаянның жағдайы бірқалыпты", - деді орталық маманы Қалиев Асылбек.