«Көп адам «Бойың неше кішкентай?» деп сұрайды. Мен адамдардың ондай сұрақ қойғанын қаламаймын, маған ұнамайды. Мазақ қылатын адамдар бар, сол себепті сыртта жаттығу жасамаймын», – деді блогер.
Ақтауда дүниеге келген Андрей Жаңаөзендегі балалар үйінде тәрбиеленген. Кәмелет жасқа толғанша отбасылық үлгідегі облыстық балалар ауылында тұрды. 25 жастағы ерекше жігіт бүгінде Маңғыстаудағы танымал тұлғалардың бірі. Андрей мұндай танымалдыққа қалай келгенін және ата-анасыз өмірдің қаншалықты қиын екенін айтты, деп Skifnews.kz ақпарат порталы Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Андрейдің айтуынша, ол туғалы ата-анасын көрмеген. Ол қарапайым мектепте білім алған, сондай-ақ қазақ тілін жетік меңгерген. Қазақша еркін сөйлеуіне ортасы мен жанындағы достары ықпал еткен. Ол 18 жасқа дейін Ақтаудағы отбасылық үлгідегі облыстық балалар ауылында тұрған.
«Кәмелет жасқа толған соң ол жақан кеттім. Мемлекеттен пәтер бірден берілмегендіктен студенттер жатақханасында немесе достарымның үйінде тұрдым. 9-сыныптан кейін Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжіне программист мамандығына оқуға түстім. 2017 жылдан КВН-де ойнадым. 2018 жылы мені Ақтаудан Алматыға алып кетті. Содан бері блогерлікті қолға алдым. Түрлі видео түсірдім, кейін «Малой братан» деген сериалға түстім. Бұл менің танымал болуыма үлкен үлес қосты, әлеуметтік желіде оқырман саны да өсті», – деді Андрей.
Мамандығын меңгеріп шыққанымен ол бойынша жұмыс істемеген. Есесіне, «Жайдарман» Қазақ КВН лигасына қатысып, әлеуметтік желіде парақша ашып, оны дамытып, блогер болуға бел байлайды. Андрейдің Tik Tok парақшасында оқырман саны 253 мыңға жетсе, Instagram-да 29 мың оқырманы бар.
Андрейдің жанында әнші достары оған студияда ән жазып, той-томалақта өнер көрсетуіне болатынын айтқан. Сөйтіп ол блогерліктен бөлек, тойларда қазақша ән айтып, нәпақасын тауып жүр. Бұл оның Қазақстаның басқа қалаларын аралауына жол ашады. Бүгінде Андрейдің Ақтау, Жаңаөзен, Алматы, Тараз, Шымкент, Атырау, Көкшетау, Астана қалаларынан достары көп.
«Спортпен үйде шұғылданамын. Музыка қосып, жаттығу жасаймын. Көп адам «Бойың неше кішкентай?» деп сұрайды. Мен адамдардың ондай сұрақ қойғанын қаламаймын, маған ұнамайды. Мазақ қылатын адамдар бар, сол себепті сыртта жаттығу жасамаймын. Мен оларға ештеңе демеймін, бірақ көңіліме тиеді. Өзім жалғыз тұрамын, кейде қиналып кетемін. Бірақ мен бәрін өзім істеймін: киінемін, тамақтанамын, ақша табамын. Тұрмыста да шаруалар өз мойнымда. Жанымда мені қолдайтын достарым бар», – деді блогер.
Ол мемлекеттен жәрдемақы алады. Бірақ тек коммуналдық қызметтің өзіне 25 мың теңге төлейді.