$ 494.87  520.65  4.91

«Пентхаустың жалпы ауданы – 164 шаршы метр»: Болат Назарбаевтың Нью-Йорктегі пәтері 2 миллион долларға сатылымға қойылды

Бұл пәтер –  марқұм Болат Назарбаевтың осы уақытқа дейін жұртқа белгілі Америкадағы соңғы жылжымайтын мүлкі.

Фото: t.me/off_shores/” Салиқалы ұрпақ” қоғамдық қоры
Фото: t.me/off_shores/” Салиқалы ұрпақ” қоғамдық қоры

Былтыр қарашада дүниеден өткен экс-президенттің інісі Болат Назарбаетың Нью-Йорктегі пәтері 1,995 миллион долларға сатылымға шығарылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Нью-Йорктегі жергілікті жылжымайтын мүлік агрегаторларының мәліметінше, Болат Назарбаевтың пәтері Wall Street 55 мекен жайында орналасқан. Бұл пәтер –  марқұм Болат Назарбаевтың осы уақытқа дейін жұртқа белгілі Америкадағы соңғы жылжымайтын мүлкі.

Wall Street 55 мекен жайында бір кездері Нью-Йорк қор биржасы, кеден және Citibank кеңселері орналасқан еді. Нысан иелері ғимаратты кондоминиумға айналдырмас бұрын, онда сәнді қонақүй болған. 2006 жылы соңғы жөндеуден кейін ғимараттағы пәтерлерді алғашқы болып актер Микки Рурк пен супермодель Наоми Кэмпбелл сатып алды. 2007 жылы Болат Назарбаев сол ғимараттан пәтер сатып алып, танымал тұлғалармен көрші тұрды.

“Пентхаустың жалпы ауданы – 164 шаршы метр. Оның ішінде екі жатын бөлмесі, ас және қонақ бөлмесі, үш жуынатын бөлмесі мен кең террасасы бар. 2,7 миллион долларға сатылып алынған пентхаус алғашында Болат Назарбаевтың өгей баласы, Майра Құрманғалиевадан туған Даниярдың атына жазылды. Сондай-ақ оның атында дәл осы ғимараттан тағы бір пәтер бар. №702 пәтерді Данияр 2011 жылы 940 мың долларға сатпақшы болған. Бірақ Болат Назарбаев Майрамен арадағы жанжалдан кейін бұл мүлікті қайтарып алған”, – деп жазды “Выход к морю” Telegram арнасы.

Майра Құрманғалиева сот арқылы бұрынғы күйеуінен байлығының жартысын, оның ішінде АҚШ-тағы жылжымайтын мүлкін талап еткен. Нәтижесінде 2011 жылы Құрманғалиева алаяқтық жасап, адам ұрлады деп айыпталып, Қазақстанда іздеуге жарияланды.

Болат Назарбаев өгей ұлы мен бұрынғы әйелін өзінен ондаған миллион доллар ақша ұрлады деп айыптап, Нью-Йорктегі сотқа жүгінді. Болат пен Майра арасындағы сот процесі бірнеше жылға созылды. Нәтижесінде Болат Назарбаевтың Нью-Джерсидегі құны 20 миллион доллар тұратын зәулім үйіне Майра Құрманғалиева мен оның ұлы ие болды. Есесіне, олар Майами мен Нью-Йорктегі пәтерлерді талап етпейтіндерін жеткізді. Ақыры Болат Назарбаев Флоридадағы жылжымайтын мүлікті 1,4 миллион долларға сатқан. 

Telegram арнаның мәліметінше, 2 миллионға сатылымға қойылған пентхаусты Болат Назарбаев 2016 жылы өзінің көмекшісі Батыржан Ахметовтың атына жазған. Батыржан Ахметов сол кезде Назарбаевтың жеке коллекторлық агенттігі мен басқа да бірқатар шағын фирмаларды басқарған еді. Нью-Йорк жылжымайтын мүлік тізіліміне сенсек, пентхаус әлі күнге дейін Бауыржан Ахметовтың атында. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік агрегаторларының дерегінше, пентхаус өткен жылдың жазынан бастап, яғни Болат Назарбаевтың көз тірісінде сатылымға қойылған.

2022 жылғы қаңтардағы оқиғадан кейін Болат Назарбаев пен оның мұрагерлері жылдар бойы жинаған мүлкінің бір бөлігінен айырылды. Базарлар, кәсіпорындар мен серіктестіктердегі үлесі мен жүздеген гектар жер тәркіленді. Болат Назарбаев рейдерлік басып алуға қатысы бар деген айыптаулардың астында қалды. Тәркіленген мүліктің бір бөлігі мемлекетке қайтарылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 7
Ашулы 4

Серіктес жаңалықтары