$ 495.2  522.34  4.94

Қызылордалық тұрғын аялдамада қазақ тілінде ақпарат болмағаны үшін соттасып, жеңіп шықты

Аялдамалардағы ақпараттық тақталарда мемлекеттік тілде жазылмаған.

Фото: syrboyi.kz
Фото: syrboyi.kz

Қызылорда тұрғыны мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына аялдамалардағы ақпараттық стендтерде мемлекеттік тілдегі мәліметтер болмағанына арызданды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сот автобус аялдамаларындағы ақпараттарды мемлекеттік тілде орнатуды міндеттеді

Қала тұрғыны А. автобус аялдамаларындағы ақпараттарды мемлекеттік тілде жазуды міндеттеуді сұрап, Қызылорда қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жүгінген.

«Талап қоюшы өзінің талап қоюында бірнеше мәрте өкілетті органдарға жүгініп, аялдамалардағы ақпараттарды мемлекеттік тілде жазу керектігін айтқанын, алайда, ешқандай нәтиже болмағанын, содан сотқа жүгінуге мәжбүр болғанын, мемлекеттік тілде жазылмаған ақпараттарды орнату заң талаптарын өрескел бұзатынын көрсеткен. 

Сотта анықталғандай, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік сатып алу туралы шарты негізінде жауапты серіктестікке маршруттық автобус аялдамаларына 26 дана ақпараттық тақтаны орнатуды тапсырған. Алайда, ақпараттық тақталардағы ақпараттар мемлекеттік тілде жазылмаған», - делінген Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының хабарламасында. 

Сот талап қоюшының мемлекеттік тілде ақпараттар алуға қатысты конституциялық құқықтары бұзылғанын ескеріп, талап қоюды қанағаттандырып, жауапкерге автобус аялдамаларындағы ақпараттарды мемлекеттік тілде орнатуды міндеттеді.

 Сонымен қатар, бөлімнің тұлғаларының тарапынан жіберілген бұзушылықтар бойынша жеке ұйғарым шығарды.

 Сот шешімі заңды күшіне еніп,  орындалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары