$ 495.2  522.34  4.94

Астанада 16 жастағы қызға қысым жасады деп ұсталған экс-полицей ақталып шықты

Сот, айыптау тарапы Б.-ның билікті және қызметтік өкілеттіктерін ашық түрде теріс пайдаланғанын көрсететін дәлелдемелерді ұсынбаған, айыптау тек жәбірленуші М.-ның қарама-қайшы айғақтарына негізделген деген қорытындыға келді.

Фото: qazaqstan.tv
Фото: qazaqstan.tv

Астананың Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты жәрдемақы алу мақсатында қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айыпталған полиция қызметкеріне қатысты істі қарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Істің мән-жайын 26 қыркүйекте қылмыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

2023 жылдың маусым айында Астана қаласының аумағында психотропты заттарды бетбелгі арқылы таратқаны үшін кәмелетке толмаған К. мен Қазақстан Республикасының тумасы (қазіргі Италия азаматшасы М.) ұсталған.

Жеке тінту барысында кәмелетке толмаған К.-дан психотроптық зат салынған 1 бума, ал М.-дан бетбелгі орындарының координаттары бар ұялы телефон, сондай-ақ ішінде оқшаулағыш таспа мен полиэтиленді пакет бар сөмке алынған. М., тергеушіге бетбелгілердің орналасқан жерін өз еркімен көрсетуге келіскен, сонымен бірге орыс тілінде еркін сөйлескен.

Нәтижесінде сотқа дейінгі тергеу органы психотроптық зат (мефедрон) бар 34 пакетті тәркілеген.

Үшінші тұлғалардан қауіптенген М., өзіне қатысты қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өз еркімен арыз жазған.

Тергеушінің қаулысымен М. қауіпсіз пәтерге орналастырылып, онда 16 тәулік болған.

Пәтерде болған бүкіл уақыт ішінде М. (қызметкерлердің еріп жүруімен) бірнеше рет дүкенге барып, анасымен екі рет кездесіп, адвокаттың қатысуымен тергеу әрекеттеріне қатысқан және қауіпсіз пәтерде тұруын тоқтату туралы өтініш жасамаған.

2023 жылдың шілде айында М., алдын ала сөз байласу арқылы бір топ тұлғаларға психотроптық заттарды сатты деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

2023 жылдың қараша айында прокурордың қаулысымен М.-ға қатысты іс жүргізу әрекеттері процессуалдық заң бұзушылықтарға байланысты жол берілмейтін дәлелдеме деп танылып, осыған байланысты М.-ға қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, ол қамаудан босатылған.

Артынша М., полицияға шағымданып, онда қауіпсіз пәтерде болған кезде қысым көрсетілгенін, анасымен бірге Италияға кетіп, қазір сол жерде тұрып жатқанын көрсеткен.

Б.-ға айғақтарды алу және М.-ны қылмыстық жауапкершілікке қасақана тарту үшін қосымша уақыт алу мақсатында арызды таңдау арқылы қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды, өз құқықтары мен міндеттерінен анық шығып, жедел-іздестіру қызметінің заңсыз әдістерін пайдаланды, М.-ны қауіпсіз пәтерге орналастырып, сол арқылы оның бостандығын заңсыз шектеді деген айып тағылған.

Сонымен бірге сот М. қауіпсіз пәтерге Б.-ның шешімімен емес, өзінің арызы мен тергеушінің, яғни процестік тәуелсіз лауазымды тұлғаның шешімі негізінде орналастырылғанын анықтады.

ҚПК-нің 19-бабының 4-бөлігіне сәйкес, айыптау үкiмi болжамдарға негiзделе алмайды және ол жол берілетін және анық дәлелдемелердiң жеткiлiктi жиынтығымен расталуға тиiс.

Сот, айыптау тарапы Б.-ның билікті және қызметтік өкілеттіктерін ашық түрде теріс пайдаланғанын көрсететін дәлелдемелерді ұсынбаған, айыптау тек жәбірленуші М.-ның қарама-қайшы айғақтарына негізделген деген қорытындыға келді.

Сот тергеуі барысында айыптау дәлелін таппады және сотта зерттелген дәлелдемелер:

- жауап алынған куәлардың айғақтарымен;

- тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен;

- сарапшылардың қорытындыларымен;

- тергеу әрекеттерінің бейнежазбалары және басқа да іс материалдарымен жоққа шығарылды.

▪️ Сонымен қатар, іс бойынша Б.-ның айыптаған әрекеттері мен жәбірленуші М. үшін орын алған зардаптардың арасында себеп-салдарлық байланыс жоқ.

▪️ Сот, айыптаушы тарап көрсеткен мән-жайларда Б.-ға айып тағылып отырған ҚК-нің 362-бабының 4-бөлігінің 3) тармақшасында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы жоқ деген қорытындыға келді.

Тараптардың ұстанымы

Прокурор айыптауды қолдап, сотталушыны мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушы мен оның қорғаушылары қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты оны ақтауды сұрады.

Сот үкімі

Сот үкімімен Б. ҚК 362-бабының 4-бөлігінің 3) тармақшасында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәсіз деп танылып, оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталды.

ҚПК-нің 39-бабының талаптарына сәйкес, Б.-ның заңсыз жауапкершілікке тарту нәтижесінде келтірілген зиянды өтеуге құқығы бар деп танылды. ҚПК-нің 41-бабының талаптарына сәйкес келтірілген зиян үшін Б.-дан ресми түрде кешірім сұралды. Б.-ға қатысты "кепіл" түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылды. Жәбірленуші өкілінің азаматтық талап арызы қараусыз қалдырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары