$ 494.87  520.65  4.91

«Қалтамда пышақ бар»: Алматы облысында оқушы қызды құрдастары соққыға жығып, видеоға түсірген

“Ата-анасыз, ешкімді шақырмай сұрақтың астына алды. Мен осыдан 2 күн бұрын түнде ғана білдім”, – деді қыздың анасы Әйгерім Құлмамбетова.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Алматы облысында 10 сынып оқушысын қатарластары аяусыз соққыға жыққан. Бұл әрекеттерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялапты. Қорлық көрген қыздың ата-анасы енді мектептің директорын жұмыстан кетуін талап етіп жатыр. Өйткені білім ордасының басшылығы оқиға мәлім болса да, жеткіншектерге ешбір шара қолданбаған дейді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқушы қызды 29 тамызда құрдастары соққыға жықты. Ақша бопсалап, талап орындалмаса жайына қалдырмайтынын айтқан дейді. Бірақ мектеп басшылығы істі жылы жабуға тырысты дейді.

“Әлім келмеді. Екі қыз болды. "Қалтамда пышақ бар" деген соң қорықтым. Сол жерде өліп кетемін бе деп ойладым. Үйге жете алмай, айдалада қалып кетемін бе деп қорықтым. Ал анам үйде болмады. Жолда болды. Мен уайымдадым”, – деді жасөспірім қыз.

Видео желіде тарағаннан кейін соққыға жығылған қызды жақтап, басқалар екі жеткіншекке 10 қыркүйекте мектеп дәретханасында қысым көрсетіпті. Білім ордасының басшылығы болған істі сол кезде ғана білген. Жанжал шығарған оқушылардың ата-аналарын шақырып, мән-жайды анықтауға кіріседі. Қорлық көрген қыздың өзінен де жауап алыпты.

“Қызым шыдамағаннан кейін "Апа, маған қысым көрсетіп жатыр" дегеннен кейін апасына звондап, шақырған. Ал оған дейін жарты сағат қызды қысымға алған. Ата-анасыз, ешкімді шақырмай сұрақтың астына алды. Мен осыдан 2 күн бұрын түнде ғана білдім”, – деді қыздың анасы Әйгерім Құлмамбетова.

Анасының айтуынша, мектеп басшылығы қыздың әжесінен жауап алған соң әрі қарай шара қолданбаған. Туған әке-шешесіне сол кезде де, кейін де айтпай, дауды білім ордасының қабырғасынан шығармай тоқтатты дейді. Ал мектеп директоры тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр деп сендірді.

“Құзырлы мекемелерге шағым тасталды ғой. Құзырлы мекемелер анықтайды. Анығын, ақ-қарасын шешеді”, – деп мәлімдеді Кемертоған орта мектебінің директоры Дархан Нақысбеков.

Мектеп басшылығы оқиғаны аудандық білім бөліміне хабарламаған. Білім бөлімінің өкілдері енді біліп, тиісті шара қабылданады деп отыр.

“10 қыркүйек болған мәселені ғана қарастырмай, оның алдында болған видеоны да назарға алу керек еді. Өйткені көрсеттік деп отыр. Видеоны көріп тұрып, сол кезде шара қолдану керек, бізге хабарлауы тиіс еді”, – деді Қарасай ауданы білім бөлімінің заңгері Асхат Игібаев.

Қыздың ата-анасы мектеп басшылығының жұмыстан кетуін талап етеді. Олар бүгінде полициядан бөлек, прокуратура мен өзге де жауапты мекемелерге арызданып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары