Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөліктің 40 жастағы жүргізушісі мен 39 жастағы жолаушысы алған жарақаттардан оқиға орнында көз жұмды.
Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар «Астана-Петропавл» тасжолында жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысты. Апат салдарынан екі адам қаза тауып, үшеуі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жол-көлік апаты 25 қыркүйек күні болды. «Астана-Петропавл» тасжолының Астраханка-Аралағаш елді мекендерінің ортасында Daewoo Nexia мен КамАЗ жүк көлігі соқтығысып қалған. Куәгерлердің айтуынша, жеңіл көлік жүк көлігінің артына кіріп кеткен.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қажетті сараптамалар мен тергеу бастау үшін полиция қызметкерлері материалдар жинап жатыр.
«25 қыркүйек күні Астана — Петропавл автожолының 435-ші шақырымында Daewoo Nexia жеңіл көлігі мен КамАЗ 54105 жүк көлігі соқтығысып қалды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөліктің 40 жастағы жүргізушісі мен 39 жастағы жолаушысы алған жарақаттардан оқиға орнында көз жұмды. Осы автокөліктің түрлі жарақат алған 17, 19 және 62 жастағы жолаушылары жедел жәрдем көлігімен медициналық мекемелерге жеткізілді. ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының бүкіл мән-жайын зерделеуге бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады», — деді ведомствоның баспасөз хатшысы Мәдина Ерғалиева.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жарақаттанған үш адам Аққайың аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.