Суицид – қиын жағдайдан шығудың жалғыз жолы емес.
Қыркүйек - елімізде балалардың өз-өзіне қол жұмсауы, жасөспірімдер арасындағы буллинг пен зорлық-зомбылықтың салдарынан қайғылы жағдайға толы ай болды. Билік тәртіпті қамтамасыз ету үшін мектеп инспекторын қайтару шараларын қолға алуда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Құқықтық статистикаға сәйкес, Қазақстанда жыл басынан бері 128 бала өзіне қол жұмсап қайтыс болған және 253 бала суицид жасауға әрекеттенген. Өмірден бас тартуға бел буғандардың басым бөлігі ұлдар (81 бала), қыздар – 47. Сонымен қатар, өз-өзіне қол жұмсағандардың ішінде жасөспірімдердің басым бөлігі – 105-і толық отбасынан, ал толық емес отбасынан шыққандар – 21, ал екеуі жетім балалар.
Статистикаға сүйенсек, көбінесе суицидтің себептері түсініксіз болып қалады. Сирек жағдайларда ғана олар қолайсыз өмір сүру жағдайларымен, ата-аналармен қақтығыстармен, жалғыздық сезімімен немесе қиын қаржылық жағдайлармен байланысты.
Өлім туралы иллюзиялық тұжырымдама жастарды түрлі әрекетке итермелеуі мүмкін. Дегенмен, әрбір жағдай бірегей: әрбір жасөспірімнің мұндай қадамға баруға итермелейтін өз тәжірибесі мен жағдайлары бар, деп атап өтті психоаналитик.
Бала құқықтары жөніндегі жедел уәкіл Динара Зәкиева соңғы уақытта болып жатқан мектеп оқушыларының өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларына қатысты пікір білдірді. Ол мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен түрлі ведомстволардың, соның ішінде Білім, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктері, Бас прокуратура және басқа да құрылым өкілдері қатысқан жиында кәмелетке толмағандар арасындағы суицид мәселесі талқыланғанын айтты.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда өз-өзіне қол жұмсайтын жасөспірімдердің орташа жасы 15-17 жас, бірақ мұндай жағдайлар 11-13 жас аралығындағы балалар арасында жиілеп барады. Омбудсмен қайғылы оқиғалардың негізгі себептерін нақтылады: жалғыздық, ата-анамен, құрдастарымен қарым-қатынастағы проблемалар, қорлау, буллинг, әлеуметтік желілердің әсері.
Зәкиева Мәдениет және ақпарат министрлігі суицидті насихаттайтын материалдарды таратудың 22 фактісін анықтап, оның 19-ы жойылғанын атап өтті. Сондай-ақ, зорлық-зомбылық туралы тарататын 56 интернет-ресурс жойылып, 101 материалға хабарлама жіберілді. Сондай-ақ министрлік Telegram және Meta платформалары арқылы балаларды тартуға пайдаланылуы мүмкін белгілі бір атаулары бар қауіпті топтарды жою үшін олармен байланысқа шықты.
Омбудсмен Цифрлық даму министрлігі 111 байланыс орталығы сапасын арттыру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын, оған басқалармен қатар, балалардың да көбірек жүгінетінін атап өтті. 11 ай ішінде психоэмоционалды жағдай және суицидтік ниет бойынша 1237 өтініш пен барлығы 75 000 қоңырау түскен.
«Осы айдан бастап барлық мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілді, біз балалар құқығын қорғау комитетімен бір жыл бойы жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ, 110 мектепте KIVA қорқытуға қарсы бағдарламасын пилоттық енгізу басталды, ол келесі жылдан бастап барлық мектептерде болады. Сондай-ақ қаңтар айынан бастап барлық мектептерде 500 балаға бір психолог (қазіргі уақытта 1500 балаға 1 психолгтан келеді) болады».
Уәкіл сондай-ақ бірқатар облыстардағы, атап айтқанда, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Түркістан облыстарындағы әкімдіктердің жеткіліксіз жұмысы туралы мәселе көтерді. Бұл аймақтарда психологиялық орталықтардың толыққанды жұмыс істеуі қамтамасыз етілмеген.
Жиын қорытындысы бойынша Ерлан Қарин суицидтің алдын алу бойынша мемлекеттік органдармен ай сайын кездесу өткізіліп, қабылданған шешімдердің орындалуы жіті бақылауда болатынын айтты.
Психологиялық тұрғыдан қиын жағдайда жүрген балаларға қалай көмектесуге болады? Ата-ана, мектеп пен ортаның жауапкершілігі қандай? Бұл тақырып төңірегінде психолог Серікгүл Сәли пікір білдірді.
"Ата-ананың жауапкершілігі өте жоғары. Мектеп, басқа орта көмек көрсеткенімен, ата-ана жауапкершілікті толық алып, баламен қарым-қатынас дұрыс болмайтын болса, ешнәрсе орнына қайтып келмейді. Екінші орындағы жауапкершілік оның ортасында болады. Яғни, аулада араласатын балалары, достары. Бала ортаны қалай қалыптастырады, қандай ортаға түседі? Ортаны екі деңгейде таңдайды. Біріншіден, ата-ана баланы қандай аулаға әкелді, ол жерде қандай менталитет қалыптасқан, қандай аудан, елдімекен дегендей. Бастапқы сатыда бала ортаны таңдамайды, ата-ана қайда әкелді – сол ортаға түседі. Екінші кезекте бала іштегі қалыптасқан жігер, тәрбие, ішкі құндылықтар, моральдық көзқарасына байланысты кіммен дос болады, кімді қолдайды дегенді өзі таңдай алатын деңгейде болады немесе болмауы мүмкін. Оның жоқтығы базалық деңгейді ата-ананың балаға салып бермеуіне байланысты. Одан кейінгі жауапкершілік мектепте, ұстаздарда, сынып жетекшісі мен пән мұғалімдерінде", - деді психолог Серікгүл Сәли.
Психолог Серікгүл Сәли ата-ана мен баланың арасында эмоционалды байланыс болуы керек деген пікірде. Сөзінше, кез келген баланың дұрыс емес күйі ата-ананы уайымдатқызады. Баланың тұйықталуы, көңілсіз жүруі, оқу үлгерімінің түсіп кетуі, сабаққа барғысы келмеуі, мінез-құлқында болған ерекшелік, ата-анаға қарсы шығу – кез келген жағымсыз қылық ата-ананы бірден маманға жүгіндіруге апару керек, дейді ол.