29.09.2024, 22:30

Қостанай облысында үш бала 5 жасар қызды зорлаған

Фото: Pixabay

Үш бала бүлдіршінді қамыс арасына әкетіп екеуі жібермей тұрып, қыздың жыныс мүшелерін ұстаған. Қарсыласып жылағанда таспен ұрған. 

Қостанай облысында 8, 12 және 13 жастағы балалар зорлаған бес жасар қыздың анасының үстінен қылмыстық іс қозғалмақ. Әйелге желіде қызына қастандық жасағандар туралы ақпаратты айтқаны үшін айып тағылмақ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оқиға туралы қыздың анасы «Не молчи» қорына хабарлаған. Дереккөзге сүйенсек, 6 шілдеде анасы 5 жасар қызына жаңа велосипед әпермекші болады. Сол кезде ойнап жүрген қызын іздеп таба алмаған. Арада сәл уақыт өткен соң қызы алба-жұлба киіммен қолында бір қап ойыншықтармен өзі үйге қарай келген.

«Анасы қатты қорққанынан қызына ұрысқан. Қазір сол әрекетіне қатты өкінеді. Себебі ол кезде қыздың да жағдайы нашар болған. Ол ештеңе айтпаған және тұйықталып қалған. Кейін біраз күннен соң ғана боған жайтты атасына айтып берген. Анықталғандай үш бала бүлдіршінді қамыс арасына әкетіп екеуі жібермей тұрып, қыздың жыныс мүшелерін ұстаған. Қарсыласып жылағанда таспен ұрған. Үш ұл да қызға зорлық көрсеткен. Кейін ешкімге айтпауы үшін бір қап ойыншық берген», – делінген жазбада.

Астана адвокаттар алқасының адвокаты Илья Лунев бұл оқиғаның күтпеген жалғасы болғанын жазды.

«14 жасқа дейінгі балалар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтыны белгілі, сәйкесінше қылмыс жасағандар ешқандай жазаға тартылмады. Мұны жақсы түсінсе де тергеу әлі де шексіз сараптамалар жасап, жауап алуда. Жәбірленуші қыздың жанын одан әрі жаралауда. Енді бес жасар жәбірленушінің анасының үстінен чаттардың бірінде ұлдардың есімдерін атағаны үшін қылмыстық іс қозғағысы келеді!», - деп жазды заңгер Instagram-да.

Лунев Қылмыстық кодекстің 423-бабы «сотқа дейінгі іс жүргізу немесе жабық сот талқылауы туралы мәліметтерді жария ету» туралы айтып отырғанын түсіндірді. Қыздың анасы екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.