$ 492.14  528.85  5.01

«Мүфтият молдалардың «қанын теспей сорып» отыр»: Имамдар Бас мүфтидің жүріп-тұруы үшін ақша жинай ма?

Аттестацияға қатысу үшін түркістандық имамдар қанша ақша жинайды? Ол кімнің құлқынына кетіп жатыр?

Фото: Oraz Alimbekov-тің Facebook-тегі парақшасынан алынды
Фото: Oraz Alimbekov-тің Facebook-тегі парақшасынан алынды

Түркістан облысының имамдарын «өңірге Бас мүфти Наурызбай Өтпенов келген сайын облыстың бас имамы Ержан Төлепов ақша жинап, әбден мезі қылған. Бұл туралы желіде белсенді журналист Ораз Әлімбеков Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл ретте, автордың жазбасын қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік. 

«Түркістандық қарапайым имамдар «қоңыз теріп» қиналып кетті.

Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтың өңірге сапарына арнап молдалар қанша ақша жинады?

Түркістан облысының имамдары «өңірге Бас мүфти Наурызбай Өтпенов келген сайын облыстың жаңадан тағайындалған бас имамы Ержан Тілепов ақша жинап, әбден «қанымызды» ішіп бітті» деп хабарласты. Мысалы, Бас мүфтидің 2024 жылдың қаңтар айының соңында Түркістанға барған 2 күндік ресми сапарына арнап облыстағы 17 аудан және қала имамдарының әрбірінен 150 мың мен 300 мың теңге аралығында ақша жиналды. Аудан имамы қарапайым молдаларға салмақ салады. Олар ақша іздеп тентіреп кетеді... Осылай жиналған қаржыны аудан имамдары бас имам Е.Тілепов пен оның іс басқарушысы қызметін атқаратын Алимханның каспиголдына аударып тұрды (дәлелді чектердің көшірмесі төменде  тұр). Кейбірі қолма-қол ақша әкеп берді. Мысалы, Созақ ауданының бас имамы Мейрамбек қажы облыстың бас имамына қолма-қол 150 мың теңге әкеп беріп, кейін «бұл аз» деген соң 130 мыңды каспиголдына аударған.

Бұл қаржының бәрі Түркістанға сапарлап келген Бас мүфтидің ұшақпен ары-бері ұшуына, қымбат қонақ үйде тұрып, қымбат мейрамханадан ауқаттануына жұмсалады екен. «Хазірет мүбәрек жүзін түркістандық жамағатқа көрсеткені үшін» де хадия (сыйлық) беріледі. Оның парқы мен нарқы – 2 млн. Әрине, жиналған ақша түгелімен Бас мүфтидің Түркістанға келіп-кетуіне жұмсалмаған шығар. Бірақ облыстың бас имамы Е.Тілепов қанша ақша қайда жұмсалғаны, қанша ақша артылып қалғаны жөнінде қарапайым молдаларға есеп берген емес, бермейді де. Себебі, Бас мүфти Н.Өтпенов Ержан Тілеповты аттай қалап осы облысқа былтыр көктемде бас имам қылып қойған. Облыстың бұрынғы имамы - Әл-Азһар университетінің түлегі, Phd докторы Еркебұлан Қарақұлов Бас мүфтиге жақпады. Түркістанға дейін екі облыста бас имам болған Е.Құрақұлов Е.Тілепов секілді қарапайым имамдардан бүйтіп ақша жинамайтын.  Сондықтан болса керек, былтыр көктемде оны облыстың бас имамы қызметінен алып тастады. Оның орнына бас имамдық тәжірибесі жоқ Е.Тілеповты әкеліп қойды. Осыдан кейін Бас мүфти Түркістанға жиі сапарлайтын әдет шығарып алды. Ал түркістандық қарапайым имамдар өңірге сапарлап келетін мүфтилердің ішім-жеміне, келіп-кетуіне ақша жинап әбден қиналып кетті.

Ақша демекші, осы мүфтият неге ақшаға тоймайды екен, ә?!. Наурызбай Өтпенов Бас мүфти бола сала ҚМДБ жарғысына «ай сайын мешіт түсімінің 30 пайызы мүфтиятқа аударылуы тиіс» деген өзгеріс енгізген. Сол қаржы мүфтилердің жүріп-тұруына неге жетпейді?!. Неге олар қарапайым молдалардың мойнына бұтын асып мініп алған?!. Мүфтилердің аймақ аралап жүріп-тұрғаны қарапайым молдаларға міндет болды ғой, түге... Мұндай басымсу қашан тыйылады?!.

Анығын Ақорда біледі...», – делінген журналистің жазбасында.  

Бұдан бөлек, Ораз Әлімбеков мүфтиятқа қатысты біраз мәлімет жариялады. 

Фото: Oraz Alimbekov-тің Facebook-тегі парақшасынан алынды

«Мүфтият қарапайым молдалардың «қанын теспей сорып» отыр.

Аттестацияға қатысу үшін түркістандық имамдар қанша ақша жинайды? Ол кімнің құлқынына кетіп жатыр?

Түркістан облысында 756 мешіт және 2000-ға жуық имам (дін қызметкері) бар. Мүфтият үш жыл сайын оларды аттестациядан өткізіп іріктейді. Былтырғы қараша айында өткізілген аттестацияға мыңға жуық имам қатысты, олардың 100-ге жуығы емтиханнан өте алмай «құлады». Аттестация комиссиясының төрағасы - бас мүфти Наурызбай Өтпеновтың кеңесшісі Кенжетай Дүйсембай. Оның қасында наиб мүфти әрі оңтүстіктің кураторы Кенжеәлі Мырзабаевпен бірге мүфтияттың тағы үш-төрт діндары жүреді. Он күн бұрын Қарабұлақ кентінде өткен, 600-ге жуық имам қатысқан аттестация комиссиясының құрамы да сондай – К.Дүйсембай төраға болды (суретте).

Аттестация басталардың алдында облыстың бас имамы Ержан Тілепов Астанадан келетін комиссия мүшелерін күту үшін (жолкүре, қонақүй, ішім-жем, гонорар) аудандардан (17 аудан бар) ақша жинауды бастайды. Әдетте электронды ақша бас имам мен оның іс басқарушысы Алимханның каспиголдына аударылатын (былтырғы чектердің суретін қараңыз). 2023 жылдың қарашасында өткен аттестацияға әрбір ауданнан 200 мың теңгеден жиналды. Бұдан басқа орталық мешіттің (бас имам отыратын мешіт) қызметкерлері «Астанадан құрметті қонақтар келіп қалды, ұятты болып қалмайық» деп «Құдайға қараған» кәсіпкерлерден де ақша жинайтыны бар, кейбіреулеріне «Алланың ризалығы үшін қонақ үйіңе тегін жатқыз», «Астанадан келген 5-6 қонақ мейрамханаңнан тегін тамақтанып тұрсын» деп кәсіпкерлерге салмақ салуды да дәстүрге айналдырған. Аттестация аяқталған соң, комиссия мүшелерінің дәрежесіне қарай олардың әрбірінің қалтасына 200 мың мен 400 мың аралығында ақша салып береді екен. Шындығында, кез келген ұйымның қызметкерлері өңірге шыққанда оларға іссапар шығыны (ұшақ, қонақүй, такси, ішім-жем) рәсімделеді. Астанаға оралған соң ол ақшаны мүфтияттың кассасынан алып алатын сияқты. Себебі, мүфтият басшылары Түркістанға келгенде іссапар қағазына «осында келіп-кеттім» деген мөр бастырып алады екен.

Биыл күмәнді қылығы мен тірлігінен ши шыға бастағанын, ол жөнінде құпия дереккөздерім мәлімет жинап жатқанын сезсе керек, бас имам Тілепов пен оның іс басқарушысы Алимхан аттестация үшін өздерінің каспиголдына ақша жинауды тоқтатты. Аудандардан жиналған ақша қолма-қол жеткізілді немесе «Ұлмекен Т.» деген каспиголдқа аударылды. «Бұл кім екен?» деп тексеріп жіберсем, Ұлмекен іс басқарушы Алимханның әйелі екен. Биыл қыркүйек айының 14-інен басталып 4-5 күнге созылған аттестацияға әр ауданнан 130 мыңнан ақша жиналды, 170 мың берген аудандар да бар.

Астанадан келетін діндар комиссияға ақша жиналғанмен, аттестациядан имамдар түгел өте алмайды. Былтыр 100-ге жуық имам «құлағанын» жаздық. Осы жағдайды математикалық логиканың тезіне салып сараптасақ, аттестациядан «аман-есен» өту үшін кейбір имамдар мүфтият комиссиясымен уағдаласып астыртын «қосымша қол жалғайды-ау», сірә.  «Екі мәрте қол жалғай алмағандар», бас мүфти мен оның өңірдегі саясатын жүргізіп отырған өкіл имамға «жақпайтындар» тағы бар, солар аттестациядан өтпей далада қаңғырып қалатын сияқты. Ал бас мүфти Наруызбай Өтпеновтың «адамдары» кез келген аттестациядан сүрінбейді-ау, сүрінбейді. Мысалы, қазіргі бас имам Ержан Тілеповтың орынбасарларының бірі – наиб имам Сүлеймен Моллатілеуұлы деген ауғандық оралман бар. Бұл имам қазақша жазу-сызу былай тұрсын, «Түркістан», «Асхана»... деген ғимарат маңдайшасына дәу әріппен жазылған жазуды бір дыбыстап әрең оқиды. Оны облыстың бұрынғы бас имамы Еркебұлан Қарақұлов жұмыстан шығарып жіберген, ал Ержан Тілепов оны қайтадан наиб қылып қасына алды. «Төрт-бес пән экзаменіне сүрінбей өтіп кете беретін Сүлеймен кім екен» деп, шұқылап тексеріп жіберсем, ол Бас мүфтимен рулас, соның сенімді адамы екен. Наурызбай Өтпенов Түркістанда қызмет атқарғанда дәл осы Сүлейменнің үйінде тұрыпты. Қазір де Бас мүфти Түркістанға келгенде Сүлейменнің үйіне соқпай кетпейді. Бұдан басқа да әмпей-жәмпей қатынастары бар шығар олардың... Сондықтан Сүлеймен Моллатілеуұлы аттестациядан сүрінбей өтпесе, басқа кім өтеді?!.

Эх, тамыр-таныстық жайлаған, жең ұшынан жалғасқан, «біреуге – тоқаш берген, біреуге – түк жоқ, ол – аш қалған» қу дүние-ай, қазағымның соры болдың ғой, түге», – деп жазды Ораз Әлімбеков.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 10
Ұнамайды 2
Күлкілі 2
Ашулы 4

Серіктес жаңалықтары