30.09.2024, 16:40

АЭС құрылысы басталып кеткені рас па?

Фото: Pixabay

Нысандардың атом электр стансасы екені шындыққа жанаспайды.

Әлеуметтік желілерде Алматы облысы Үлкен ауылында атом электр станциясының (АЭС) құрылысы басталғаны туралы ақпарат тарады. Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімдігі бұл деректі жоққа шығарды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әкімдік мәліметінше, бейнероликте Google Maps онлайн сервисі арқылы құрылыс нысандары көрсетілген, ал бұл нысандардың атом электр стансасы екені шындыққа жанаспайды.

"Бейнежазбада көрсетілген нысан - 2011 жылы Балқаш жылу электр орталығы (ЖЭС) құрылысы жобасын жүзеге асыру кезінде салынған инфрақұрылым. Жоба көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциясының құрылысын қамтыды. Жоба аясында тиісті инфрақұрылымның, соның ішінде жұмысшыларға арналған тұрғын кенттің құрылысы басталды. 2014 жылы "Балқаш жылу электр орталығы" жобасын жүзеге асыру тоқтатылды.

Онлайн сервистің картографиялық деректеріне түзетулер енгізу және жалған ақпараттың одан әрі таралуына жол бермеу үшін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне (ЦДИАӨМ) өтінім жіберілді", - деп жазылған хабарламада.