01.10.2024, 10:20

Бүгін Спандияр Көбеев пен Ілияс Омаровтың туған күні

Коллаж: Sn.kz

Оның педагогикалық ой-пікірлері «Орындалған арман» атты мемуарлық романында, сондай-ақ, әр жылдардағы мерзімді басылымдарда жарияланған «Оқытушының беделді болуының маңызы», «Балаларды мәдениеттілікке тәрбиелеу», «Балаларды оқуға ынталандыру туралы» атты мақалаларында ғылыми тұрғыда баяндалды.

146 жыл бұрын (1878-1956) педагог, жазушы, аудармашы Спандияр Көбеев дүниеге келген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қостанай облысында туған. Ы.Алтынсарин ашқан ауылдық орыс-қазақ мектебінде сауат ашып, 1901 жылы Қостанайдағы мұғалімдер даярлайтын курсты бітірген.

Ұзақ жылдар бойы ұстаздықпен айналысып, жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу ісімен шұғылданған. Өзінің 50 жылдық ұстаздық іс-тәжірибесін «Орындалған арман» атты мемуарлық әдеби еңбегінде баяндады. Ол ұстаздық жұмысты жазушылық қызметпен тығыз байланыстыра жүргізді. Орыс жазушыларының тәлімдік шығармаларын қазақ тіліне аударып, «Үлгілі тәржіме» (көпшілігі И.Крыловтың мысал өлеңдері) деген атпен жеке кітап етіп шығарды. 1912 жылы «Үлгілі бала» атты екінші оқу құралын (хрестоматия) жариялады. Оған өзі аударған Крыловтың мысалдарымен бірге қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінің озық нұсқаларын (аңыз, әңгіме, ертегі, мақал-мәтелдер) енгізді. Сонымен бірге, бұл хрестоматияға қазақ балаларына табиғаттың түрлі құбылыстары мен жануарлар әлемі туралы мәлімет беретін қызықты қысқа әңгімелер де енгізілді. 1913 жылы «Қалың мал» романын жазды. Романда сол кезеңдегі қазақ ауылындағы әлеуметтік жағдайлар шынайы баяндалған. Оның педагогикалық ой-пікірлері «Орындалған арман» атты мемуарлық романында, сондай-ақ, әр жылдардағы мерзімді басылымдарда жарияланған «Оқытушының беделді болуының маңызы», «Балаларды мәдениеттілікке тәрбиелеу», «Балаларды оқуға ынталандыру туралы» атты мақалаларында ғылыми тұрғыда баяндалды.

2 рет «Ленин» орденімен марапатталған.

111 жыл бұрын (1912-1970) мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, жазушы, публицист Ілияс Омарұлы ОМАРОВ дүниеге келген.

1933 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия жоспарлау экономикалық және сауда-тауар ісі институтын бітірген.

Еңбек жолы: 1933-1936 жылдары республиканың сауда мекемелерінде жауапты қызметтер атқарған. 1941-1945 жылдары Қазақ КСР Сауда халық комиссарының орынбасары, комиссары болды. «Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне жазған хатын» ұйымдастыруға, 1944 жылы желтоқсанда Алматы қаласында өткен республикалық ақындар айтысын өткізуге, «Қазақ КСР-інің ерте заманнан осы күнге дейінгі тарихының» жарық көруіне ұйытқы болды. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты мен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны ұйымдастырды. 1945-1947 жылдары Қазақ КСР-і ХКК төрағасының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы партия комитетінің 1-хатшысы қызметін атқарды. 1947-1952 жылдары Қазақстан КП ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы. Ол 1949 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігін ұйымдастырды.

Омаров халық өнері мен музыкасын, ауыз әдебиетін насихаттауға зор үлес қосты, Шоқан, Ыбырай, Абай еңбектерін өнеге ретінде ұсынды. 1949 жылы жарық көрген «Қазақ КСР тарихының» толықтырылған 2-басылымының жауапты редакторы болды. Е. Бекмахановтың қазақ халқының шын мәніндегі тарихын ашық жазуына, Кенесары, Наурызбай батырлар жайында ақиқаттың айтылуына, І. Жұмалиевтің Исатай мен Махамбет жөніндегі материалдарды бастыруына ұйытқы болды.

Осы жағдайлар оның 1951-1952 жылдары «ұлтшылдарды қолдаушы» деген науқаншыл айыппен Қазақстан КП ОК-нің құрамынан шығарылып, қудалануына алып келді. 1952-1955 жылдары КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болды. 1955-1959 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. 1959-1961 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының директоры, Қазақ КСР-і Министрлігі Кеңесінің кеңесшісі қызметтерін атқарып, жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ кино өнерінің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. 1961-1967 жылдары Қазақ КСР Министрлігі Кеңесі жанындағы Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, 1-орынбасары, 1967-1970 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрі болды. Омаров осы кезеңде қазақтың эстрада өнерін, ұлттық цирк, театр жұмысын жетілдіруге, кәсіби өнердің басқа да салаларын тыңнан дамытуға барынша күш салды.