03.10.2024, 10:40

Өскеменде полицей жалған хаттамалар толтырып келген

Фото: polisia.kz

Полицей сот барысында өз кінәсін толықтай мойындады.

Өскемен қаласында жалған хаттамалар толтырып келген полиция қызметкері сотталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қалалық №2 соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшысына ҚР ҚК-нің 416-бабы 2-бөлігіне қатысты қылмыстық іс қаралған.

«Өскемен қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы болып жұмыс істеген айыпталушы өзінің қызметтік бабын пайдалана отырып, 2023 жылдың 20 қаңтары мен 5 ақпаны аралығында жалған хаттамалар толтырып келген. Атап айтқанда, қоғамдық орында мас күйде жүру туралы 2, қоғамдық орында тиісу туралы 1 хаттама толтырған», - делінген ақпаратта.

Осылай қызметтік көрсеткішін жақсартуды көздеген полицей сот барысында өз кінәсін толықтай мойындады.

Сот шешімімен 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылған сотталушы 400 АЕК (1 380 000 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

 Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.