03.10.2024, 17:20

Зайытов: Қазақ өнерін әлемге танытатын ұлттық театр ауадай қажет

Фото: https://www.instagram.com/rinat_zaitov_resmi/

Әлемді әнімен мойындатқан Әмірелердің мұрасы бүгінгі күні өздеріне лайық тұғырға орналаса алмай келеді. 

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов қазақтың мәдениеті әлемге паш ететін дәстүрлі ұлттық театр ашуды ұсынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Қорқыт атамыздың қолынан түспеген қобыз, Сүйінбай сөзімен абырой-намысымызды асқақтатқан айтыс, күй атасы Құрманғазы мен Тәттімбет, Маңғыстаудан Сыр бойына дейін жыр төккен сүлейлер мен қайқылар,  әлемді әнімен мойындатқан Әмірелердің мұрасы бүгінгі күні өздеріне лайық тұғырға орналаса алмай келеді. Мәселен, Қытайдағы дәстүрлі Пекин орталығы, Италиядағы Ла-скала, Қырғыз ағайынның дәстүрлі Манас орталығы өз ұлтының төл өнері мен дәстүрін сақтап, дамытып отыр. Бізге де осындай республикалық деңгейдегі ұлтымыздың ән, күй, жыр, айтыс-термесін әлемге танытатын бір дәстүрлі ұлттық театр ауадай қажет. Ол жай ғана театр емес, қазақ ұлтының рухани байлығын баршаға паш етіп, ұрпақ тәрбиесіне оң әсерін тигізетін орталық болатынына еш күмәнім жоқ», - деді Ринат Зайытов Мәслихат депутаттарының форумында.