4 қазанда, Сиднейде қазақстандық кәсіби боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен Жаңа Зеландия өкілі Андрей Михайлович арасында бокс жекпе-жегі өткен.
Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі Жәнібек Әлімханұлы мен Андрей Михайлович арасындағы жекпе-жектің ұйымдастырушыларына ресми наразылық нотасын жолдамақ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Жекпе-жек басталмас бұрын ұйымдастырушылар қателік жіберіп, Қазақстанның 2006 жылы қолданыстан шығарылған ескі мемлекеттік әнұранын қосқан. Қазақстандық көрермендер мен жанкүйерлер бұл қателікті бірден байқап, наразылық білдірді. Боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен оның менеджері Берік Сұлтан да қателікке назар аударып, ұйымдастырушыларға ескерту жасады. Алайда әнұранды ауыстыру өтініші ескерусіз қалды. Ұйымдастырушы жаңазеландиялық No Limit Boxing промоутерлік компаниясы, Андрей Михайловичтің мүддесін қорғайды», - делінген министрліктің хабарламасында.
Еске салсақ, 4 қазанда, Сиднейде қазақстандық кәсіби боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен Жаңа Зеландия өкілі Андрей Михайлович арасында бокс жекпе-жегі өткен. Әлімханұлы қарсыласын 9-раундта нокдаунға түсіріп, техникалық нокаутпен жеңімпаз атанды. Ал осы жекпе-жектің алдында Жәнібек рингке шығар кезде ұйымдастырушылар Қазақстанның ескі әнұранын қосып қойған.
Ведомство бұл оқиғаға байланысты ұйымдастырушыларға ресми наразылық нотасын жолдайтын болды.