06.10.2024, 10:30

Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс берді

Фото: tengrinews.kz

Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де басталды. Ол кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс беруге қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ең әуелі Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылар тізімі негізінде жеке куәлігін көрсетті, оған бюллетень берілді. Президент сайлаушылар тізіміне қол қойып, бюллетеньді жасырын дауыс беру кабинасында толтырды. Одан соң бюллетеньді шыны жәшікке тастады.

Республикалық референдумда дауыс беруге арналған бюллетеньде "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сауал қойылады.

Айта кету керек, республикалық референдумда 12 миллионнан астам қазақстандық дауыс беру құқығына ие. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, 6 қазанда сағат 7.00-дегі жағдай бойынша  өңірде барлық 10 249 учаске дауыс беруге кірісті. 84 учаскеде аумақтық комиссиялардың қабылдаған шешімдеріне сәйкес дауыс беру таңғы сағат 6.00-де басталды. Республикада 10 323 дауыс беру учаскесі бар.