08.10.2024, 21:30

«Бір-бірімізді сынап-мінеуден аулақ болайық»: Тоқаев ТМД басшыларына мәлімдеме жасады

Фото: Ақорда

Достастықты сақтау керек деп ойлаймын.

8 қазанда Мәскеуде ТМД мемлекет басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысы өтті. Жиын барысында  президент Тоқаев сөз сөйледі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Тоқаев ТМД президенттерімен кездесуінде "мемлекет басшылары деңгейіндегі қоғамдық сыни шабуылдардан аулақ болуға" шақырды.

“Өткен ғасырдың 90-жылдарында Балқан түбегіндегі секілді күрделі жағдайларға посткеңестік аумақта жол берілген жоқ. Мұнда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үлесі зор деуге болады. Сондықтан Достастықты сақтау керек деп ойлаймын. Осы мақсатта өзара сенімді нығайтудың ең тиімді шараларын қабылдап, мемлекеттер басшылары деңгейінде бір-бірімізді негізсіз сынап-мінеуден аулақ болып, ұстамдылық пен парасаттылық танытқанымыз жөн", – деді Тоқаев.

Президент геосаяси тұрақсыздық пен аумалы-төкпелі халықаралық ахуал жағдайында өтіп жатқан кездесу Ұйым жұмысына тың серпін беруге тиіс екенін айтты. 

"Біздің ел Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісім жасауға деген ұмтылыстарын құптайды. Сонымен қатар Орталық Азия аймағындағы мемлекетаралық шекаралардың жекелеген бөліктерін заңдық тұрғыдан ресімдеуді аяқтау ісінде айтарлықтай ілгерілеу бар", – деді Қ.Тоқаев.

Президент ТМД жаһандық ынтымақтастық пен даму үдерісіне елеулі үлес қосып келе жатқан тиімді өңірлік ұйым ретінде халықаралық деңгейде кеңінен мойындалғанына тоқталды.

"Достастық БҰҰ-ның түрлі құрылымымен, сондай-ақ басқа да көптеген халықаралық және өңірлік ұйыммен ұтымды байланыс орнатты. ТМД-ның әлемдік аренадағы беделі артып келеді. Былтыр ТМД жанындағы Бақылаушы және Серіктес мәртебесі бекітілді. Бұл шешім Ұйымның кемеліне келгенін және ашықтығын көрсетеді. Осы жүйелі жұмысты жалғастырып, "ТМД +" форматын құру туралы мәселені қарастыруды ұсынамын. Мұндай алаң Достастықтың өңірлік байланыстарын кеңейтуге негіз болады", – деді Президент.