15.09.2024, 12:10

«Оқырманның көкірегіне нұр құя алсам, басқа арман жоқ»: Ақын Дәурен Тілеухан шығармашылығынан сыр шертті (ВИДЕО)

Кейінгі 1-2 жылдың көлемінде Мәдениет министрлігі мен Жазушылар одағының бірлескен жобалары жас қаламгерге жақсы қолдау болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел таланттарына қашан да зор сенім артап, оларға қолдау көрсетіп отырады. Сонымен қатар өз сөзінде ұлттық рухани әлеуетті ілгерілету ісінде ақын-жазушылар қауымы маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Осы тұста Skifnews.kz ақпарат порталының тілшісі ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, "Сағыныш сыбыры" кітабының авторы, қазақ поэзиясының кенже классигі Дәурен Тілеуханмен тілдесіп, шығармашылығымен танысқан болатын. 

Өлеңге алғашқы қадамын сонау оқушы кезден бастаған Дәурен алдымен өзінің шығармашылық бағытымын толық таныстырып өтті. 

Өлеңге алғашқы қадамдар оқушы кезімде басталды. Мектепте жүріп түрлі әдеби байқауларлан орын алып жүрдім. Оған ата-анам мен ұстаздарымның ықпалы зор болды. Алғашқы өлеңімді де 2-сыныпта жаздым. Ұстазымыздың тапсырмасымен «Лақ» деген тақырыпқа бір шумақ өлең жазғаным есімде. Кейінірек 11-сыныпта қазақтың аяулы ақын қызы Гүлімай Әбішқызымен таныстым. Бір облыстық мүшәйрада Гүл апам менің өлеңдеріме үлкен бағасын беріп, бар қазаққа «Көрпе ауылынан Қуандық Шаңғытбаевтың құлыншағы шықты!» деп жар салды. 17 жасар Дәурен осылай поэзия әлеміне алғашқы қадамын жасады. Осы уақыттардан бастап нағыз өлеңнің қандай болатынын ұға бастадым. Талғам да, талап та жоғарылады. Оның үстіне мен әжемнің баласы болдым. 6 жасқа толарда, туған күніме 20 күн қалғанда әжем арғы дүниеге аттанды. Сол күннен бастап мен балалықтан алыстап кеттім. Тіпті ауладағы достарымнан да оқшау ойнап, жалғыз жүретін әдет пайда болды. Осы жағдайлар менің бір сағынышымды ішіме құлыптап, уақыт өте өлең арқылы жарыққа шығарды деп ойлаймын. Бүгінде бойымда қандай да бір жақсы қасиет болса, әжем мен ата-анамның тәрбиесімен келген тағылым шығар деп ойлаймын. Сол 17 жасымда алғаш рет өзім іштей өлең деп атауға жарайтын «Аңсар» деген әжеме арналған өлең жаздым. Әлі күнге дейін туған ауыл, тума-бауыр үшін сол өлеңімді сұрап жатады..., - деді ол. 

Бұдан бөлек, алтындай жарқыраған күз мезгілі ақындарға ерекше шабыт беретінін айтып, өзінің қай бағытта қалам тербейтіні туралы сөз қозғады. 

Қазір күз мезгілі ақындардың сағынышы үдеп, өлең жазатын мезгілі. Менің табиғатым да, өлеңдерім де осы мезгілмен үндес секілді. Маған сағыныш пен аңсар, адам бойындағы жалғыздық хәлі мен өмір көріністерін өзгеше жеткізген ұнайды. Көп аса лирикалық, нәзік те нәркес тақырыптар жаныма жақын. Алдағы уақытта өмірлік-интелектуалдық тәжірибелерден соң салмақты тақырыптарға ауысатынымды сеземін. Әріге өзім бастан кешкен жігіттік, жастық шақты жырлап келемін. Осыдан 5 жыл бұрын «Сағыныш сыбыры» атты тұңғыш жыр жинағым жарық көрді. Ол кітап Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен және қаламгер аға-апаларымыздың ұсынуымен жарық көрді. «Әттеген-айы» сол, 500 данамен шыққан кітаптың 490 данасы облыстағы барлық кітапханаларға тарап, авторға 10 дана ғана берілді. «Сағыныш сыбырын» сұраушылар әлі де бар. Былай алып қарасаңыз, қазір кітапханаға баратын адамдыжолықтыруыңыз сирек. Оның үстіне қазақ көркем әдебиетінен гөрі орыс не шетел әдебиеттері, бизнес не психологиялық, діни кітаптар сауда орталықтарында, т.б дүкендерде өтімдірек. Кейде сол тұңғыш жыр жинақты азды-көпті оқырмандарыма таратқанда ғой деп қынжылып қаламын. Қазіргі таңда жаңа жинақ шығаруға дайындықтар жасап жатырмын. Күйбеңге көніп, көп уақытты шығамашылыққа арнай алмай жүргеніме, замандастарымның да осы хәлді кешіп жүргеніне іштей қынжылып қаламын. Бірақ оқырмандардың желіде жаңа кітап туралы жиі сұрайтыны қанаттандырады. Келер жылы көктемге таяу қазақ поэзиясының қоржынына тамаша туынды қосамын деген ой бар. Қазіргі қоғамда кітапты шығарудан гөрі оны оқырманға өтімділігі маңызды болып тұр. Бұл жағына да басымдық беріп жатырмын. Қалғаны құпия болсын..., - деп мәлімдеді Дәурен. 

Әр ақынның ерекше есінде сақталған туындысы бар. Біздің кейіпкеріміз өзінің алғашқы және сүйікті өлеңінің тарихы туралы сөз қозғап, өзін танытқан шығармасы туралы әңгімелеп берді. 

Бірінші курста оқитын кезім. Сабаққа құлықсыз болғаныммен, батыс философтарының еңбектерін өздігіммен оқып, қызыға бастадым. Әсіресе, жаңа заман философиясы мен жиырмасыншы ғасырдағы экзистенциализм ұнайтын. Сондай күндердің бірінде Иммануил Канттың «Критика чистого разума» («Анық ақыл-ой сыны») кітабындағы «Антиномияларын» көзім шалып қалды. Антиномия - дәлелдеуге болатын өзара қарама-қайшы үкімдер. Былайынша, ақ пен қараның айқасы секілді ғой, бірақ екеуінің де дұрыстығын айғақтауға болады. Канттың төрт антиномиясы мені біраз ойға қалдырғаны әлі есімде. Ақырында, жастық шақтың ең нұрлы һәм мұңды сәттері менің өмірімде де неше түрлі антиномиялар (қайшылықтар) бар екеніне көзімді жеткізді. Сөйтіп, көңілдің елегізген, жүректің жалғыздыққа жұтылған шағында жазылған өлең - «Антиномия» менің әдеби ортаға, қалың оқырманға танылуыма себепкер болды. Қазір де есімім естілсе көбі осы өлеңді атайтынын, мені осы өлеңмен танитынын білемін, - деп жас ақын сыр шертті. 

Сонымен қатар Тілеухан Дәурен ақындықтан ешқандай пайда күтпейтінін айтты. Алайда жыр додаларында топ жарып жүргенін де жасырмады. 

Ақындықтан бірдеңе дәметудің өзі оған жасалған қастандық шығар. Ақын өлеңді біреуді таң қалдыру үшін немесе біреуді басып озу үшін жазбайтын сияқты. Менің түсінігімде осындай. Бірақ кейбір жыр бәйгелері шығармашылығыңды толық ашып бере алмаса да, шыңдайтыны рас. Тіпті мен осыдан 5-6 жыл бұрын студент шақтарда қатысқан бірнеше мүшәйраларда бағым жанып, есімім елге танылып жатты. Бұл қалтасы тесік жас ақындарға үлкен қолдау әрі сенім беретінін жасырмаймын. Әдеби ортаға, республикаға атымды танытқан мүшәйралардың ішінен Абайдың 175-жылдығына арналған бәйгені және "Алтын қалам" Халықаралық байқауын атауға болады. 18-19 жасымда менің алғашқы балаң жырларымның үлкен ақындардан жақсы баға алуына, қалың оқырманның ықыласына бөленуіне бұл жыр додаларының зор үлесі бар, - деді ол. 

Дәуреннің өзі үлгі тұтып, сүйіп оқитын ақындары өте көп болып шықты. 

Қазақ поэзиясында қолтаңбасы қалған әрбір классик ақынды сүйікті ақыным деп санаймын. Олардың бәрін рухани ұстазым ретінде құрметтеп әрі қайталап оқып тұрамын. Әр дәуір, әр кезең бойынша топ-3, топ-5 ақындарды іріктеп алған ұнайтын. Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Жұматай, Төлегендерден кейін, жауқазын жырларыма алғаш болып ақ батасын берген Мейірхан Ақдәулетұлын, Есенғали Раушановты,  Тыныштықбек Әбдікәкімұлын, Шаһизада Әбдікәрімді, Ғалым Жайлыбайды, Серік Ақсұңқарұлын, Ұлықбек Есдәулетті, Есенқұл Жақыпбекті, Гүлнар Салықбайды  т.б атауға болады. Ал «алтынкөпірліктерден» Әділ Ботпанов, Маралтай Райымбекұлы, Бауыржан Бабажанұлын,«74-тің жеті ақынын» айрықша атауға болады. Бұлардан кейінгі толқындардан жиі парақтайтын ақындарым - Талғат Ешенұлы, Жанна Елеусіз, Қалқаман Сарин, Ерлан Жүніс секілді аға-апаларымыз. Негізі бұл тізімде көптеген ақындар болуы тиіс. Өмірден ерте озған сұрапыл ақындар мен 30-дан енді асқан аға-бауыр қаламгерлерден де көп ақынды атауға болады. Әрине, мейілінше әрбір жақсы ақынды қалдырмай оқуға, әдеби жаңалықтарды қалт жібермеуге тырысамын. Бір кездері өзім сүйіп оқитын қаламгерлердің бағы бұйырсын деген ниетте достарым «қазақ поэзиясының кенже классигі» деп атап жүрді. Жоғарыда аталған, аталмаған ақындар тізімін көріп, жаңа ағымдар, андерграунд шығармалар – менің бағытым емес екенін аңғарған да боларсыз. Сол үшін де менің түсім – қойыртпақ емес, қоңыр түс. Тұрсынжан Шапайдың «Жаңа дегеніміз – сәтті ұмытылған ескінің жаңғырығы» дейтіні бар. Түптеп келгенде жаңалық жасаймын деп жаңылысып қалған қаламгерлерге әдебиет те, болашақ та өз бағасын береді деп ойлаймын, - деді Дәурен. 

Қазақ поэзиясының кенже классигінен ақын ретінде қандай арманы барын да сұрап көрдік.

Ақын ретінде оқырманның көкірегіне нұр құя алсам, басқа арман жоқ. Қазіргі заманда «атың шықпаса, жер өрте» дегендей, небір кеудемсоқ қаламгерлердің ішінара сыйлыққа таласып, сыйын кетіріп жатқанында көріп жатамыз. Ақынның арманын өлеңінен тауып, өлеңінен таныған абзалырақ. Мұндайда Мейірхан ағамыздың: ...Тәжден биік, тәңірлік нұр - мәрт Өлең, Көрсоқырға көз жасыңның обалы. Сенің орның пайғамбардан сәл төмен, Патшалардың бәрін де жоғары... - деген өлеңі еске түседі. Өлеңге адал ақын оған обал жасамайды. Бізге дейінгі қаламгерлер айтқан миллиондаған анықтамадан шығатын жалғыз ұстаным осы секілді, - деп жауап берді ол.

Сондай-ақ Дәуреннің өлеңдеріне әнге қосқан сазгерлер де бар екен. 

Қазіргі әндерде сөздің салмағынан гөрі әуеннің әрі басымырақ деп ойлаймын. Тіпті жас әншілердің әнін де, сөзін де өзі жазып жүргенін жиі байқаймыз. Арзанқол дүниелерге бола ақындық пен өлеңнің атына кір келтіргім келмейді. Ал көңіліме қонған әндер болса, әрине, жақсы сөз жазуға тырысамын. Бірақ бұған дейін менің сөзіме жазылған әндердің бәрі дерлік алдымен өлең болып туған. Кейін сазгер достарым оны әнге айналдырды, - деді ол. 

Сөз соңында Дәурен Тілеухан мемлекеттен ақындарға көрсетіліп жүрген қолдаулар туралы айта кетті.

Бұрын мемлекет тарапынан жас қаламгерлер үшін жаңа жобалар жасалатынын естімейтінбіз. Мүмкін орталықтан шалғай болғасын ондай жағымды жаңалықтарды кеш естіп қалатын шығармыз. Бірақ, кейінгі 1-2 жылдың көлемінде Мәдениет министрлігі мен Жазушылар одағының бірлескен жобалары жас қаламгерге жақсы қолдау болды. Жас авторлардың кітабына жақсы қаламақы төлеу, ақын-жазушыларға қомақты жүлде беру арқылы жаңа шығармашалар жазуға ықпал жасау секілді дүниелер көзбояушылыққа ұласып кетпесе, жемісін береді деп ойлаймын. Өзім үнемі оқып, көріп жүретін қаламдас аға-бауырларымның, достарымның қаламақы үшін қаламның қасиетінен аттап кетпесе екен деген ізгі тілегім бар. Қазір министрлік жанынан әдеби клуб құрылып, өз жұмысын бастады. Екінші отырысында біз де қатысып, заманауи қазақ әдебиетіне қатысты ұсыныстарымыз бен ой-пікірлерімізді жеткіздік. Бұл да көңілге қуаныш сыйлады. Қазақ поэзиясының гладиторы Шаһизада ақын Ұлықбек Есдәулет орден таққанда: «Ақындарды атады деп естуші ем, Ақыл-есің кірген екен, заманым» деп жыр жазған екен. Қоғамда ақындарға қолдау білдіріп, әсіресе, жастарға қандай да бір жаңа бастамалар жүзеге асып жатса, ол үлкен қуаныш, - деп жас талант өз сөзін түйіндеді.