$ 494.87  520.65  4.91

Өмірлік бағытын әдебиеттен тапқан: Жас талант Аружан Арыстанғалидың шығармашылығына шолу

Болашағынан зор үміт күттіріп отырған шәкірттерімнің бірі.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Еліміздің түк-түкпірінде түрлі жас таланттар барын бірі білсе, көбі білмес. Солардың бірі Ақтөбе облысына қарасты шағын ауданда тұратын - Арыстанғали Аружан. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталының тілшісі Аружан есімді жас өскіннің шығармашылығына шолу жасамақ. 

Арыстанғали Аружан Ж. Сәрсенов атындағы ЖОББМ-нің оқушысы. Мектеп табылдырығын аттаған күннен бастап ана тіліне кейін қазақ әдебиетіне жақын болған Аружан бүгінде бірнеше әдеби байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерген. Жастайынан жырға құмартқан жас өскін көп сұрағына өлеңнен жауап тауып, өзінің өмірлік бағытын айқындай алған. 

Жас таланттың бойында көп дүние жасырынған. Мектеп қабырғасында жүріп жыр да оқиды, шығарма да жазады, өлең де шығарады тіпті шешендік өнері де жоқ емес. 

Мәселен, Республикалық "Ділмар" шешендік өнер байқауының облыстық кезеңіне қатысып, білімі мен шығармашылық қабілетін жоғары деңгейде көрсете білгені үшін марапат алған. 

Аружанның қазақ халқының рухани мұраларына деген қызығушылығы да жоқ емес. Республикалық "Ақберен" байқауының облыстық кезеңінен жеңіп алған жүлделі 2-орыны сөзімізге дәлел. Бұдан бөлек, жас талант зерттеу жұмыстарына да қызығады. "Шежірелі өлкемнің тарландары" атты облыстық зерттеу шығармалары және мақала байқауына қатысып, жүлделі екінші орынды қанжығасына байлаған. 

Аружан Арыстанғали ақын-жазушыларымыздың шығармашылығымен танысып, туындыларымен сусындап өскен. Ілияс Жансүгіров оқуларының облыстық кезеңіне қатысып, өз қабілетін жоғары деңгейде көрсетіп 3-орын иеленген. Сонымен қатар, біздің әдебиетке құмар кейіпкеріміз "Жарқын болашақ" олимпиадасының бірнеше дүркін жеңімпазы. 

Айта кетейік, шағын ауылдан шыққан жас талант үшін талай дүлдүлдер бақ сынайтын Республикалық, облыстық жарыстарды бағындыру оңай іс емес. Шығармышылыққа шын қабілеті барлар ғана бұл шыңды бағындыра алады. Аружан болашақта журналистика саласында қызмет еткісі келетінін де айтып өтті. Ал ұстазы Жанар Қазыбайқызы шәкіртімен мақтанатынын жеткізді.

"Аружанның бойындағы талантты 5-сыныпқа келгеннен байқап, болмысында барын ашуға көмектестім. Қазақ тілі мен әдебиеті сабағына бала кезінен икемді болды. Бүгінде болашағын да осы бағыттан елестетіп отыр. Жас буынның талантын шыңдайтын байқаулардың көптігіне ризамын. Бала сол арқылы үнемі ізденісте болып, жеңіске жетуге талпынып, одан сайын еңбектене түседі. Аружан сондай табанды әрі ізденімпаз оқушы. Болашағынан зор үміт күттіріп отырған шәкірттерімнің бірі", - деді Жанар Досмағамбетова. 

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауларының бірінде Үкіметке дарынды балалардың қабілетін арттырудың жол картасын әзірлеуді тапсырған еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары