Атом электр станциясын қаржыландырудың бір нұсқасы – бөліп төлеу жүйесімен салу.
Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Қазақстанда атом электр станциясы бөліп төлеу жүйесімен салынуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Арман Қасеновтің сөзінше, АЭС-ті кім салатыны әлі белгіленген жоқ.
"Қазір оны кім салады, қай елдер салады деген сияқты шешім қабылданған жоқ. Демек оны қалай қаржыландыратыны туралы да айтылмады. Атом электр станциясын қаржыландырудың бір нұсқасы – бөліп төлеу жүйесімен салу. Яғни, оны салатын компания төлем мерзімін ұзарта алады. Тиісінше, қаржыландыруға қаражат қажет болмауы мүмкін", – деді вице-министр.
Қасенов журналистердің "АЭС Қазақстан үшін тиімсіз бола ма" деген сұрағына жауап берді. Айтуынша, бұл жоба елімізге шығын әкелмейді.
"Энергия өндіретін барлық жобалардың өзіндік құны бар. Олар тарифке енгізілген. Бұл жоба мен басқа да энергия өндіруші кез келген жоба сол себепті тиімсіз деп есептелмейді", – деді вице-министр.