Талғарда “Хасан Хуторские” деген адам бар. Оның ағасы Аслан Қасымбаев Талғар қаласы әкімі аппаратының басшысы екен.
Алматы облысы Талғар қаласының тұрғындары 16 жастағы жасөспірімді өлтіргендердің жергілікті "Бригада" немесе "Хутор" деп аталатын ауданнан шыққанын айтты. Олардың сөзінше “хуторлар” бірнеше жылдан бері бүкіл қаланы үрейде ұстап келген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Талғарлықтардың айтуынша, Талғарда “Хасан Хуторские” деген адам бар. Оның ағасы Аслан Қасымбаев Талғар қаласы әкімі аппаратының басшысы екен.
Фото: Instagram Abdulla_kzkz
“Хасан өмір бойы жұмыс істемеген адам. Сол ағасының арқасында жер алып, оны заңсыз сатумен айналысады. Олардың туған кіші інісі осы жағдайға ұқсас төбелеске қатысып, сотталып отыр. Еркош деген Хасанның досы бар. Ол Талғар аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болған, жақында қызметінен кетті. Гумплин (Асхат) деген кәсіпкер бар сол ауылда. Ол ақшалай көмектесіп, жігіттерді органдарға жұмысқа орналастырған. Күндіз-түні жұмыс істейтін дүкендері бар. Арақ сата береді, заң жоқ оларға. Бас прокурор болған Жақып Асан осында келген кезде осылар күтіп алып, шығарып салды”, – деп жазған талғарлық.
Тағы бір талғарлықтың сөзінше, олардың қорғаушысы қазіргі Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асан.
Фото: Instagram Abdulla_kzkz
“Жақып Асан қазір Жоғарғы соттың төрағасы. Осылардың төбесінен су өткізбейтін қорғаушысы. Айтпақшы, Нұрқияс туралы айтылғандардың бәрі рас. Түрмеде отырған Ержаннан кейін қазір ең “мықтысы” – Нұрқияс. Енді айтарым әрбір отырған адамның ата-анасын білу керек. Олар кім және немен айналысады, нақтылау керек”, – дейді ол.
Жасөспірімді өлтірді деп айыпталып отырған күдіктілердің ауылдасының сөзінше, олар жылдар бойы Талғар жұртын қорқытып-үркітіп ұстап келген екен.
Фото: Instagram Abdulla_kzkz
“Мен осы Рысқұлов ауылынанмын. Көбі “Бригада”, “Хутор” туралы жазып жатыр. Біз де осы ауылда тұрамыз және олардың қалай жұмыс істейтінін жақсы білеміз. Олар Талғар жұртын қорқытып қана қоймай, қаншама жылдан бері ауылдағылардың барлығын қорқытып-үркітіп келеді. Жалпы олар Талғарды уысында ұстайтын адамдар. Жергілікті халық, жастан қартқа дейін зардап шекті. Ауылда жазықсыз адамдарды түрмеге қамады. Сондықтан бұл жерде тек қатігез адамдар тұрады деп ойлау қате”, – деп жазды тағы бір талғарлық.
Ал күні кеше Алматы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Шалхаров күдіктілердің ешқандай қылмыстық топқа қатысы жоғын айтқан еді.
"Бізде "Хутор бандасы" деген сөз жоқ. "Хутор" деген атпен жүретін қылмыскерлер де жоқ. Қазір қылмыс болған жерде сараптама жасап жатырмыз. Қанша ұрлық болды, учаскелік инспекторлар қанша қылмысты өткізіп алды, бәрін анықтап жатырмыз. Дәл осындай сұрақтар Ішкі істер министрінің нұсқауымен жасалып жатқан қызметтік тергеу барысында да қойылады. Осы аумақта болған, тұратын және жұмыс істейтін аталған учаскелік инспекторлардың әрбір әрекетіне қызметтік тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі. Бұл қызметкерлерге кәсіби жарамдылық біліктілігі беріледі", – деді Шалхаров.
Ол Шерзатты өлтірді деген күдіктілер ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі ме деген сұраққа да жауап берді.
"Ұйымдасқан қылмыстың не екені туралы нақты түсінік беретін бап бар. Бұл ұйымдасқан қылмыстық топ жасайтын бір, екі, үш қылмыстан тұрады. Бұл жалғыз-жарым жағдай. Онда адамдар өздері, оқшауланған жағдайда жиналған. Бұл бір қылмыс", – деді Шалхаров.
Ол ұсталғандардың бұрын-соңды қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны рас па, деген сауалға жауап бермеді.
"Әрине, бұл туралы айтқым келеді. Бірақ бізде Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабы бар. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Сол себепті жария етуге құқығым жоқ", – деп жауап берді Шалхаров.