$ 494.87  520.65  4.91

АЭС бойынша референдум қорытындысы: Сарапшылар қандай пікірде?

Елімізде АЭС құрылысына қатысты мәселені 10 жыл бұрын шешу керек еді.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Өткен демалыстың маңызды оқиғасы АЭС салу мәселесі бойынша өткен республикалық референдум. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы референдум қорытындысы мен сарапшылар пікіріне кеңірек тоқталмақ. 

Референдум кезінде бірнеше ұйымның мамандары учаскелерден шыққан адамдар арасында сауалнама өткізіп, қандай дауыс бергенін сұрады. Соның негізінде АЭС салуды қолдайтын және оған қарсы азаматтардың проценттік саны есептелді.

"Астана - кешенді әлеуметтік зерттеулер институты" қоғамдық қоры ИКСИ "СОЦИС-А" өткізген exit-poll нәтижесі:

"Иә" - 69,8 процент;

"Жоқ" - 30,2 процент.

"AMANAT" партиясының "Қоғамдық саясат институты" жекеменшік мекемесі өткізген exit-poll нәтижесі:

"Иә" - 72,3 процент;

"Жоқ" - 27,7 процент.

Елімізде АЭС құрылысына қатысты мәселені 10 жыл бұрын шешу керек еді. Бұл жөнінде Климаттың өзгеруі орталығының директоры Айдын Бакдолотов мәлім етті.

«Біз біраздан бері елімізге атом энергетикасы керек екенін айтып келеміз. Менің ойымша, бұл мәселе 10 жыл бұрын шешілуі тиіс еді. Референдум АЭС салу тұрғысында оң шешім бергенін ескере отырып, ендігі іс-қимылды жылдам жүзеге асырған жөн», — деді А. Бакдолотов

Оның пайымынша, елімізге болашақта қолданыстағы жылу электр (көмір жағатын) станцияларының орнына кем дегенде үш АЭС салу керек болады. 

«Бізде жаңартылатын энергия көздерін де, атом энергетикасын да қатар дамыту қажет. Бұл екеуін бір-біріне қарсы қоюға болмайды, себебі осы екі бағыт та таза энергия санатына жатады. Атом электр энергиясы дамыған елдерде бұрыннан пайдаланылып келеді. Бұл саладағы әрбір элементтің қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Әрине, бастапқыда АЭС құрылысына қомақты инвестиция қажет болады. АЭС салынғаннан кейін оның ұзақ мерзімде энергия беруге қауқарлы екенін назарға алсақ, ол өзін ақтай алады. Алдағы 15 жылда Қазақстанда үш АЭС болуы керек деп санаймын. Себебі осы аралықта біздің экономикаға ауқымды электр энергиясы қажет», — деді сарапшы.

АЭС салатын елдермен арадағы шартта санкциялық келісім қарастырылатын болады. Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты.

«Консорциум болатын шығар. Ең бастысы — қауіпсіздік. Сонымен қатар біз салынатын жаңа станса ең тың жобалық шешімдер мен өз саласының көшбасшысы саналатын өндіруші елдің озық технологиясы болғанына мүдделіміз. Сондықтан шешім конфигурация бойынша қабылданады. Онымен мен де, Алмасадам Майданұлы да (Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев) айналыспайды. Арнайы жобалық топ болады. Ал орын алуы мүмкін саяси тәуекелдер туындаған сәтінде, яғни жобалау барысында қарастырылады. Егер мұндай жайт орын алса, онда түрлі компаниялармен, түрлі елдермен арадағы шартта санкциялық келісім болатындығы сөзсіз, - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Қазақстанда атом электр станциясы бөліп төлеу жүйесімен салынуы мүмкін екенін болжады. 

"Қазір оны кім салады, қай елдер салады деген сияқты шешім қабылданған жоқ. Демек оны қалай қаржыландыратыны туралы да айтылмады. Атом электр станциясын қаржыландырудың бір нұсқасы – бөліп төлеу жүйесімен салу. Яғни, оны салатын компания төлем мерзімін ұзарта алады. Тиісінше, қаржыландыруға қаражат қажет болмауы мүмкін", – деді вице-министр.

Айта кетері, 6 қазан сағат 20.00-дегі жағдай бойынша референдумда 7 млн 820 мың 918 адам дауыс берген. Бұл - дауыс беруге құқылы қазақстандықтардың 63,87 проценті. Осылайша, АЭС салу бойынша ұйымдастырылған референдум өтті деп саналады. Ал дауыс бергендердің ішінде жартысынан көбі қолдаса, атом электр станциясының құрылысы қолға алынады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары