$ 492.14  528.85  5.01

«Құқық қорғау органдарының салғырттығы»: Депутат Аймағамбетов Талғардағы қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді

Полиция мен прокуратура ешкімнің жазадан құтылып кетпеуін қамтамасыз етуі керек.

Фото: Stan.kz
Фото: Stan.kz

Алматы облысы Талғар қаласында 16 жастағы жасөспірімнің үйінің өртенуіне қатысты депутат Асхат Аймағамбетов пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Аймағамбетов жасөспірімнің қазасы құқық қорғау органдары мен қоғамға сын екенін айтты. 

"Талғарда болған қайғылы оқиға жаға ұстатты. Жасөспірімді өлтіріп, отбасының үйін өртеп жіберген жауыздық, хайуандық және әділетсіз қылмыс бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл оқиға тек құқық қорғау органдарына ғана емес, бүкіл қоғамға сын. Шерзат Болаттың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Бұл істі тергеуде барынша ашықтық пен әділдік қажет. Кінәлілердің барлығы заң алдында жауапқа тартылып, өз жазасын алуы тиіс.  Полиция мен прокуратура ешкімнің жазадан құтылып кетпеуін қамтамасыз етуі керек. Бұл қылмыс құқық қорғау органдарында жүйелі реформаларды іске асыруға себеп болуы қажет.  Бұл заңның талабы ғана емес, қоғам алдындағы парызымыз", – деді депутат.

Сондай-ақ ол қақтығысты ушықтырмай, өз наразылығымыз бен позициямызды білдіру кезінде заңды бұзбау керегін жеткізді. 

"Кінәлілерге қарсы зорлық-зомбылық таныту мәселені шешпейді. Қақтығысты ушықтырмай, өз наразылығымыз бен позициямызды білдіру кезінде заңды бұзбай, оңтайлы жолды қолданған жөн. Барлық мәселені заң аясында шешуге болады және біздің қоғамда кез келген мәселе солай шешілуі қажет. Бұл қайғылы оқиғаны қасақана түрде жағдайды тұрақсыздандыру үшін пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығармаймын.  Сондықтан қазір арандатуға бой алдырмау, әділ жазаны қамтамасыз ету және құқық қорғау жүйесінде терең, жүйелі реформалар жасау үшін күш-жігерімізді біріктіру аса маңызды. “Заң және тәртіп” принципі баршаға бірдей жұмыс істеуі керек", – деді депутат.  

Сондай-ақ Асхат Аймағамбетов көпшілікті жалған ақпарат таратпауға шақырды. 

"Біздің елде заңның үстемдігі тұжырымдамасы жұмыс істейді, демек ешкімнің заңнан жоғары бола алмайтынын, заң алдында бәрі тең екенін түсінуіміз керек. Бұл іс Бас прокурордың бақылауына алынған, ал отбасы полиция қорғауында. Қазіргі уақытта қылмыскерлерді жазалап, құқықтық жүйенің барлық қахарлы күшін көрсету маңызды. Елді дүрліктіруге бағытталған тексерілмеген ақпараттарды таратпайық", – деді депутат.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 7
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары